Жаңалықтар

Анықталған кемшіліктер жойыла ма?

Antikor ortalygy алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өткен жылды қорытындылауға арналған жиыны өтті.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков, басқарма басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досановтың баяндауынша, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу процестерін жүзеге асыру кезінде тауарлар мен қызметтердің бағасын нарықтық орта бағадан едәуір асыру байқалады. Аталған бағыттағы жұмыс қорытындысы бойынша 25 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жалпы сомасы 437,1 миллион теңге болатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын негізсіз көтеру деректері анықталған. Сондай-ақ әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері жемқорлыққа қатысты ішкі талдау жүргізуге немқұрайлы қарап отырғаны айтылды. Былтыр жүргізілген 150 ішкі талдаудан бар болғаны 4 нақты сыбайлас жемқорлық қаупі байқалған.

Ал «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев жыл басынан бері жол жөндеу және жол құрылысы сапасына қатысты — 57, ал жолдарды қардан тазалауға қатысты 52 мониторинг жүргізілгенін,  нәтижесінде 26 бұзушылық жол жөндеу саласынан анықталып, олардың 21-і жойылғанын айтты. Сондай-ақ аталған жобалық кеңсе қызметкерлері құзырлы органдармен бірлесіп, қыс мезгілінде тазаланбай жүрген жолдарға қатысты 52 бұзушылықты жойыпты.

Жиын барысында көтерілген кемшіліктерді жою жөнінде жергілікті атқарушы орган басшылары пікірлерін білдіріп, ұсыныстардың алдағы жұмыстарда ескерілетінін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button