Әкімдер есебі

Қызылжарда қоғамдық көлік жетіспейді

Кеше Қызылжар ауылында Ақтөбе қаласына қарасты Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиев халық алдында есеп берді. Өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланған жиында тұрғындар автобустың аздығы, көлік жолының нашарлығы, спорт мектебі мен балалар ойын алаңдарының жоқтығына шағымданды. Сондай-ақ ауылға пошта бөлімшесі мен дәріхана керек.

Алматы ауданының аумағына 28 елді мекен кіреді, ондағы тұрғындардың жалпы саны — 230 мың адам. Аталған аудан барлығы 175187 гектарды құрайды.

Аудан әкімінің айтуынша, өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан 183 арыз-шағым түсіп, 50 кездесу өткізіліпті.

— Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша аудан аумағында 4 мердігер мекеме қызмет көрсетеді. Олар — «Нео плюс», «Таза Қарғалы», «Инсар Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Қамысбаев» жеке кәсіпкерлігі.

Былтыр Қарғалы тұрғын үй алабы бойынша 45 қоқыс жәшігі орнатылып, 23 қоқыс алаңы қолданысқа берілді. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған 129 адам  бір айлық санитарлық тазалау жұмысына тартылып, 191 тонна қоқыс қалдығы шығарылды. Және «Компания Жерұйық Консалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарғалы өзенінің арнасын тазартты, — деді Әміржан Оразғалиев.

Сұрақ-жауап бөлімі келгенде шаһар басшылығының қабылдауына кіру қиын екенін айтқан зейнеткер Оңдасын Үсенов ауылдастарының біраз мәселесін жеткізді. Мәселен, бірнеше жылдан бері өзекті мәселе — қоғамдық көліктердің тапшылығы әлі күнге шешілмей келеді. Ауылға 6 автобус қатынайды деген тасымалдаушы мекеменің дерегіне тұрғындар күмәнмен қарап, аялдамада сағаттап күтетінін алға тартты… Сондай-ақ ақсақал былтыр ауылдағы автомобиль жолының ішінара жөнделгенін, әлі де жолдың жағдайы нашар екенін, жарықтандыру да мәз емес екенін атап өтті. 3 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенде спорт мектебі, балалар ойын алаңдары, пошта мен дәріхана жоқ. Бұралқы иттер де тұрғындардың әбден мазасын алғанға ұқсайды. Сол сияқты Ақтөбе қаласына ортақ мәселе — қоқысты уақтылы шығару да осы есеп беру жиынында көтерілді.

Жиынға қатысқан Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров көптеген түйткілді жеткізген қартқа төмендегідей жауап берді:

— Жол жөндеуді қараша айында жалғастырамыз дегенде ауа райы оған мұрсат бермеді. Енді жер аяғы кеңейгесін бұл жұмыстарды бітіреміз. Автобусқа келсек, тасымалдаушы компанияны бақылауға аламыз, оларға қатысты сынның көп екенін білеміз. Жарықтандыру жайын қарастырып, егер бағаналар болса жарықшамдарды қондырамыз. Балалардың ойын алаңын салу жағынан қиындық жоқ, тек қай жерге орнату керектігін айтыңыздар. Биыл бұл іс шешіледі.

Спорт мектебіне қатысты сұрақты қарастырайық. Ал пошта бөлімшесін ашу — жеке кәсіпкердің ісі. Егер араларыңызда сондай адам болса, бізден қарсылық жоқ, — деді.

Сонымен бірге «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабына қарасты №4 шағын аудандағы мектептің қашан ашылатынын сұрағандар кездесті. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева нысанды келесі оқу жылында тапсыру жоспарланып отырғанын айтты. Құрылысы ұзап кеткен мектептің жағдайымен Асхат Шахаров та таныс екенін, 3-4 айда бұл мәселенің шешіліп қалатынын баян етті.

Тұрғындар арасында 10 жылдан бері кезекте тұрса да жер телімін ала алмай жүргендер, әлеуметтік көмекке қолы жетпегендер, кешкілік автобустың келмейтініне арызданғандар да болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button