Жаңалықтар

4 адам коронавирустан көз жұмды

21  қаңтар күні облыста коронавирус жұқтырған 17 адам тіркелді. Науқастардың 11-і Ақтөбе қаласынан болса, қалғандары Мұғалжар, Алға, Мәртөк аудандарынан тіркеліп отыр. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,4%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Мұхтар Сербаев көрші Батыс Қазақстан облысының қызыл аймаққа енгенін айтты. Сондықтан облыс тұрғындарының арқаны кеңге салуына болмайды.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыс стационарларында коронавирусқа шалдыққан 113 науқас ем қабылдап жатыр. Инфекциялық стационарда 40 науқас бар. Соңғы тәулікте өкпесі қабынған үш адам тіркелген. Жалпы, пневмонияға шалдыққан 55 науқас ем алуда. Жансақтау бөлімінде 11 науқас жатса, бір адам өкпені жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Сондай-ақ соңғы уақытта 4 адам індеттен көз жұмған. Оның біреуі — 79 жастағы Мәртөк  ауданының тұрғыны. Науқас бүйректің ауыр дертіне шалдыққан.  Ал екінші  83 жастағы Темір ауданының тұрғыны да  созылмалы дертпен ауырған. Ал  қалған 68 және 55 жастағы екі адам Ақтөбе қаласының тұрғындары. Барлығының да қосымша ауруы болған. Коронавирус сол аурудың асқынуына әкеліп соққан. Бекболат Ізбасаров тұрғындарға қандай да бір тұмау белгісі байқалса, өз бетінше емделуге болмайтынын айтты.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3868 адам  тіркелді, оның 50,2%-ы ауру белгілерімен  және  49,7%-ы симптомсыз  жағдай. 3704 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2751 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 105,  Байғанин — 58, Ырғыз — 54,  Қобда — 15, Қарғалы — 61, Мәртөк — 149, Мұғалжар — 192, Темір — 197, Ойыл — 21, Хромтау — 131, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3868  науқастың 3,5%-ы сырттан келген. 580 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1053.  Қазіргі таңда үй карантиніне 421 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button