Әкімдер есебі

Күре жолдың күрделі жөндеуі қос ауылды қуантты

Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаевтың есебі Сарыбие, Қараой селолық округтерінде жалғасты. Алдымен селолық округ әкімдері ауыл тұрғындарын өткен жылы атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Сарыбие ауылдық округінің әкімі Дәурен Бисебаевтың айтуынша, округте мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көргендер көп. Яғни «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Жақып» шаруа қожалығы 9 миллион 500 мың теңге несие алып, қой басын көбейтсе, «Ай-Бек» шаруа қожалығы 4 миллион теңге несиеге 9 бас жылқы алыпты. «Шибұлақ» шаруа қожалығы 2 миллион теңге алып, 40 бас қой алса, жеке кәсіпкер Абдрахманов 1 миллион 500 мың теңгеге мүйізді ірі қарасын көбейткен. Сонымен қатар былтыр 5 шаруа қожалығы мемлекеттік көмекпен ұңғыма құдық қаздырып, «Нұржан» шаруа қожалығы 14 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Бұлардың қатарында 18 миллион теңгеге техникаларын жаңартқан «Данагүл» шаруа қожалығы да бар.

Сапақкөл орта мектебі және «Әсем» бөбекжай-балабақшасына оптикалық-талшықты интернет жүйесі жүргізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Сапақкөл орта мектебі 41,9 миллион теңге көлемінде күрделі жөндеуден өтсе, осы бағдарламаның арқасында Жекенді дәрігерлік амбулаториясына 18,9 миллион теңгеге жөндеу жүргізіліп, жаңа жедел жәрдем көлігі берілді.

Сарыбие селосының 2 көшесін асфальттау және ауыл тұрғындарының кешкілік мезгілде серуендеп, демалуына мүмкіндік беретін алаң мен балалар ойын алаңының жобалық-сметалық құжаты жасақталып отыр. Демек, қаражаты бөлінсе, бұл жұмыстар биыл басталады.

Аудан әкімі Асқар Қазыбаев өткен жылы ауданда атқарылған игілікті істерге тоқталды. Ауданның күнбатысындағы ауылдардың тұрғындарын қуантып отырғаны — күре жолға жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмысы. Ал сол жолға қосылатын Сарыбиенің 16 шақырымын да күрделі жөндеуден өткізіп, асфальт жамылғы төсеу үшін жобалық-сметалық құжаты жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп тұр.

Ауыл тұрғындары атынан алғашқы болып сөз алған еңбек ардагері Мұхит Керейұлы ауылды абаттандыру, күл-қоқыс шығару, жазғы далалық өрттің алдын-алу және қысқы жол қатынасын қамтамасыз ету жайын қозғап, ауылға еңбегі сіңген Сәрсенғали Балапашевтың атын берудің жолдарын сұрады. Берік Оразбаев ауылдағы бос тұрған коммуналдық тұрғын үйлердің ертеңіне алаңдап, оны жалдау ақысын арзандатуды өтініп, қазіргі таңда тұрғындардың тұтынуына жарамсыз болып отырған орталықтандырылған ауызсудың сапасы туралы айтты. Бұл сауалға жауап берген аудан әкімі алғашқы мәселе бойынша сала басшысына тиісті тапсырма берсе, ауызсудың қоры зерттеліп жатқандығын жеткізді. Зейнеткер Бейбіт Тілембаева тұрғын үйінің құжатын жасақтауға көмек сұраса, ауыл тұрғыны Кәкім Жетенов мал жайылымының мәселесін көтерді.

Қараойдағы есептік кездесуде де алдымен ауыл әкімі Айбек Сұлтанов тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерімен бөлісті.

Қараойда да «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ауыл мектебіне 50716,8 мың теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде экономикалық дамытуға жәрдемдесу бойынша Қараой мектеп-балабақшасы жанындағы балабақшаға 4987,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда да жердің шалғайлығы ескеріліп, ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жаңа медициналық жедел жәрдем автокөлігі берілді. Ауылдың басты мәселесінің бірі — ауруханадағы бас дәрігердің жоқтығы.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік!» бөліміне сәйкес округте бірқатар жұмыстар жүргізіліпті. Еріктілер тұрғындарға және аз қамтылған отбасыларға жеке кәсіпкер Г.Имашева және ауыл тұрғыны ерікті К.Мырзағалиеваның демеушілігімен 700 дана бетперде таратқан. Nur Otan партиясы аудандық филиалының ұйымдастырумен «Біз біргеміз» акциясына депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымы және этномәдени орталығының мүшелері және округ жастары тарапынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және жалғызбасты қарттарға барлығы 44 отбасыға 520 мың теңге көлемінде азық-түлік және жеке гигиеналық құралдар, медициналық бетперделер алып берілді. Бұл акцияға ауылдағы шаруашылықтар да атсалысты.

Ауыл азаматтарының және жерлес кәсіпкерлердің қолдауымен «Қазбағамбет Хазірет ата» атындағы мешіт салынды. 2020 жылы Қараой ауылының 1973 жылы туған азаматтары пластиктен 500 мың теңгеге мешіттің қосымша кіреберіс бөлмесін жасақтап берді, ауыл жастары 680 мың теңгеге мешіттің құжаттарын жасақтауға демеушілік көрсетті.

Мұнда да тұрғындар ауылды аудан орталығымен жалғап тұрған көтерме жолға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қуанышпен қабылдап отыр.

Р.S. Екі ауылдағы әкімдердің есебіне Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сейітов қатысып, аудан әкімі кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button