Әкімдер есебі

Биылғы жоспар — спорт кешендерін салу

Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Төлегенов тұрғындармен кездесіп, қаланың өткен жылғы әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындысы мен биылғы жылға межеленген міндеттері туралы есеп беру жиынын өткізді.  

Бұған дейін қала әкімінің есебі аудандық «Шалқар» газетіне жарияланғандықтан, көпшілік қалада атқарылған істер туралы хабардар болатын. Кездесу барысында қала тұрғындары өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназиясының жастарынан құрылған «Ізгілік» тобының жетекшісі Мөлдір Жоламанова қала жастарының уақыттарын тиімді пайдалану үшін спорт кешендерінің керек екендігін алға тартты. Бұл ұсынысқа қала әкімі биыл Жұмысшылар қалашығынан ангар типтес бір спорт кешенінің және
Айшуақ-Бозой трассасы бағытындағы №8 орта мектептің қасынан ішінде бассейні бар тағы бір спорт кешенінің бой көтеретінін жеткізді.

— Бүгінде спорт кешендерінің жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамада тұр, қаражат бөлінетін болады, — деді қала әкімі өз сөзінде.

Сондай-ақ оның айтуынша, биыл екі воркаут және үш қосымша балалар ойнайтын алаң салынбақ.

Жиын барысында білім саласының ардагері Нұрлан Майкөпов бұрын көтеріліп келе жатқан №2 мектеп-гимназиясы ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу жайын қайта қозғады. Және де осы гимназия орналасқан ауданда жаз мезгілінде ауызсу тапшылығының да сезілетінін жеткізді. Қала әкімі аталған мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат жасалғанын, ол үшін 115 миллион теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар ауызсу тапшылығын жою үшін онымен тікелей айналысатын «Ұлы Борсық» кәсіпорнына тапсырма берілетінін жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманғали Серікбаев қыс айларында ауданда 10 мың, қалада 4 мың ірі қараға дейін соғым сойылатынын айта келе, сол малдардың терілерін қабылдайтын пункт ашу туралы ұсынысын жеткізсе, еңбек ардагері Аманкелді Қалыбаев қала халқына сүт өңдеу цехының қажет екенін айтты.

Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарының мүмкіндігінше шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық мәселесі әлі де белең алып отырғандығын айтып, оның алдын алу үшін қоғам болып күресуге шақырды. Сондай-ақ ауданымыздың айнасы — Шалқар қаласы екенін айта келе, биыл бірқатар көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Жалпы, кездесу барысында шығып сөз сөйлеген тұрғындар қала әкімінің өткен жылғы жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалап, алға қойған міндеттерін қолдайтындарын жеткізді.
                                                                                                                       Қ.ӘЖІБАЙ,

                                                                                                        Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button