Әкімдер есебі

Сарыбұлақта 3 қожалық несие алды

Қобда ауданының әкімі Болат Құловтың тұрғындар алдындағы кезекті есеп беру жиыны Сарыбұлақ пен И.Білтабанов атындағы ауылдарда жалғасты.

Сарыбұлақ ауылында өткен жиында алдымен округ әкімі Есенғали Өтегенов өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап, биылғы жылдың жоспарларымен бөлісті. Әкімнің айтуынша, Сарыбұлақта төрт түліктің саны артқан. Өткен жылы мал басын көбейтіп, егін салғысы келетін 3 шаруа қожалығы 8 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Сондай-ақ халықтың көптен бері көкейінде жүрген ұялы байланыс жүйесі орнатылып, ауылға кеңжолақты интернет тартылды. Ауыл тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық — биыл ауылға газ барады.

Бұдан соң есепті кездесу И.Білтабанов атындағы ауылдық округте жалғасты. Жиында ауыл әкімі Нұрболат Даржан ауылдағы орта мектептің күрделі жөндеуден өтіп, барлық әлеуметтік нысандардың көгілдір отынға қосылғанын айтты. 2017 жылы ауызсу құбыры тартылған ауылдың көшелері де толық жарықтандырылыпты. Әкім биыл ауылдың орталық көшесіне асфальт төселіп, тротуар салынатынын, сондай-ақ соңғы үлгідегі жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Округте ауыл шаруашылығы саласында да тыңғылықты істер атқарылыпты. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтар да бар.

Әкімдер есебінен соң Қобда аудандық полиция бөлімінің бастығы Ардақ Наяшев аудандағы криминогендік ахуалды баяндады.

Сұрақ-жауапқа кезек келгенде полиция бөлімінің бастығы Ардақ Наяшевке осыдан бірер жыл бұрын қойларын жоғалтқан тұрғын өз шағымын жеткізді. Бұл жөнінде полиция бастығы қылмыстық істің әлі де қысқармағанын, іздеу жұмыстарының жалғаса беретінін айтып жауап қатты. Ал Сарыбұлақ ауылының тұрғыны жаз  айларында созылмалы ауруы бар азаматтарға берілетін тегін дәрі-дәрмектің келмегеніне шағым айтты. Тұрғынның бұл шағымына аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әлия Пернебаева жауап берді. Ол жағдайды пандемияның ушыққан тұсында шекара жабылып, дәрі-дәрмектің тапшы болғанымен байланыстырды. Жағдай тұрақталған бойда дәрі-дәрмектің уақтылы жеткізіліп отырғанын айтты. Ауылдық округ аумағындағы жайылым жерлерінің азайып келе жатқанына алаңдаушылық танытқан тұрғындарға жер бөлімінің басшысы Еркебұлан Таласбаев ауылдық округке қарасты жердің ұлғайтылғанын айтып, жауап берді. И.Білтабанов ауылдық округінің тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығында Қазпошта мамандары отырса, жол жөнделсе деген тілектерін білдірді.

Сарыбұлақ пен Білтабанов ауылдық округінің тұрғындары газ, су құбыры сынды өркениеттің барлық игіліктерінің ауылға да жетіп жатқанын айтып, әкімдердің есебіне оң бағаларын берді.

Талғат ҚАЗИЕВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button