Әлеумет

Тұрғын үй: біржолғы зейнетақы төлемдерін алу қағидалары бекітілді

Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидалары күшіне енді. Осыған қатысты кеше Орталық коммуникация қызметінде баспасөз мәжілісі өткізіліп, жауапты тұлғалар осы қағидаларды түсіндірді.  

Бұл шараға Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан  Дауылбаев, «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова,  «БЖЗҚ» АҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директоры Мұрат Шәріпов және «Отбасы банк» Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  орталық филиалы директоры Жансұлтан Матаев қатысты.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қандай мақсатта және қалай қолдануға болатындығы туралы ақпарат берді:

— Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін: кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде немесе акт болған кезде көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасу кезінде, сондай-ақ жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салу үшін толық есеп айырысу;ипотекалық қарыз алу, тұрғын үй сатып алу, берешекті өтеу, банктер арқылы ипотеканы қайта қаржыландыру үшін бастапқы жарна ретінде;тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыруды өтеу; Ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу;тұрғын үй құрылысы және дағдарысқа қарсы бағдарламалардың шеңберінде сатып алу құқығымен берілген баспананы ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін пайдалануына рұқсат етіледі, — деді ол.

Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына бір банктік қарыз шарты шеңберінде ипотекаға қарыз алған кезде жол беріледі. Қолданыстағы заң шеңберінде зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік және тұрғынүй алушының жұбайымен жақын туыстарынан баспана сатып алуы бойынша шектеулер қарастырылған. Яғни зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жақын туыстардан пәтер сатып алуға жұмсауға болмайды.  Сонымен бірге  5 жылдан астам өтеу мерзімі бар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, меншікке рәсімделген, өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғынүйді 5 жыл ішінде сатуға тыйым салынады.

— Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жұмыстарды жүргізетін уәкілетті оператор —  «Отбасы банк» және екінші деңгейдегі банктер. «Отбасы банк» арқылы төлем алуға жүгінген жағдайда құжаттар 45 жұмыс күні ішінде ұсынылады және өтініш екінші деңгейдегі банктер арқылы берілген жағдайда құжаттарды бірден ұсыну қажет, — деді ол.

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында пайдалану үшін арнайы шот ашу жолдарын, ол ақшаға баспана алу ережелерін түсіндірді. (Арнайы шот ашу жолдарын газетіміздің өткен санында толық жаздық).

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бүгін таңертең «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ уәкілетті оператор ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға өтініш тапсыра алатын арнайы онлайн платформаны іске қосты.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін дербес, не болмаса жұбайы, жақын туыстарынан алынған зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, қолдануға болады. Егер БЖЗҚ салымшысы бұл төлемдерді өзі қолдануды жоспарламаса, онда оларды өзінің жақын туысына, жұбайына табыстай алады.

Ләззат Ибрагимовабіржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларының әр тармағына тоқталып, түсіндірді.

— Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсаттарына қолдануды көздеп отырған БЖЗҚ салымшылары 13 қаңтардан бастап «Отбасы банкінде» онлайн режимде ағымдағы арнайы шот ашып жатыр. Бүгінгі күннің өзінде Банкте 57 000-нан астам арнайы шот ашылды. Біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға болатындар арасында Алматы, Маңғыстау, Нұр-Сұлтан және Атырау қаласы тұрғындары көп. Зейнетақы қорындағы қаражаты «шекті мөлшерден» асатын ел азаматтарының 70 пайызына жуығы, негізінен, осы төрт қаланың тұрғындары, —  деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жұмыстарды жүргізетін уәкілетті оператор ретінде «Отбасы банкімен» қоса Халық банкі де жұмыс жасайтын болады. Яғни арнайы шотты Халық банкінен де ашуға болады. Екінші деңгейлі басқа банктер әзірге бұл бағытта жұмыс істеуге ұсыныс білдірмеген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларын бекіту туралы

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button