Әкімдер есебі

Жол жүру кестесі дайындалып жатыр

Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Әміржан Оразғалиевтің халық алдындағы кезекті есептік кездесуі Ақжар-2 ауданындағы №70 орта мектепте өтті.

Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, аталған аудан ақсақалдары, көпбалалы аналар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Алдымен Әміржан Оразғалиевтің ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінде Алматы ауданының құрамына 28 елді мекен кіреді. Тұрғындардың саны — 230 мың адам.

Өткен жылы халықтан 183 арыз-шағым түсіп, 50 кездесу ұйымдастырылған. Нәтижесінде тиісті жоспарлар құрылып, абаттандыруға, көшелерді жарықтандыруға, газбен және сумен жабдықтауға, қоғамдық көлік қозғалысына қатысты жұмыстар жүргізілген.

Өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Нұр Ақтөбе   шағын ауданында 1037 пәтер  берілді. Алматы ауданының тұрғындарын электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында электр желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қызылжар тұрғын үй алабындағы ТУСМ-14 аумағында электр желісін қайта жаңғырту құрылысы жүргізілді.

Аудан аумағындағы көктемгі су тасқыны кезінде әкімшілік өкілдері суға кету қаупі бар Шилісай, Садовый, Пригородный, Кеңес Нокин, Қызылжар, Мағаджан, Сая, Ақшат елді мекендерін аралап, суға кету қаупінің алдын алу жұмыстары атқарылды.

Өткен жылы аудан бойынша 18 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары, 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ оның айтуынша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасы ауданда жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтсақ, аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 51 жұмыссыз жолданды. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Ақтөбе ауыл микрокредит» микроқаржылық ұйымы арқылы кәсіпкерлікті дамытуға 1 адам шағын несие алды.

«Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздерін оқыту мақсатында 209 адам оқуға бағытталды.
Былтыр  Алматы ауданы әкімдігі арқылы жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 274 тұрмысы төмен отбасыға  3 563 283 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген.

Кездесу барысында тұрғындарды, әсіресе, қоғамдық көлік және аялдама мәселесі, «Қазпошта» қызметі, көшелерге атау беру, сондай-ақ аулаларда балалар ойын алаңдарын салу мәселелері толғандырды.  Кездесуге қатысқан тұрғындардың бірі Бибіжан Нұрлыбаева Заречный-4 елді мекенінің ішіне қоғамдық көлік кірмейтін, Ақжар-2 елді мекенінің тұрғындары ауқымды амбулатория керек екенін айтты. Сондай-ақ жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану  мақсатында ойын алаңдары мен аула клубтары ашылса деген тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды.

Қала әкімі қоғамдық көлік мәселесі бойынша автобустардың жол жүру кестесі дайындалып жатқанын айта келе, барлық сұрақтар шешімін табатынын жеткізді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button