Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін белсенділерге сыйақы бар

Облыста сыбайлас жемқорлыққа баратындардың басым бөлігі ішкі істер органдарында, ал жергілікті атқарушы органдардың ішінде алдыңғы қатарда архитектура және қала құрылысы, екінші орында қаржы саласы, үшінші орында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласы тұр. Бұл туралы «Antikor ortalygy» сервис орталығында өткен брифинг барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков мәлімдеді.

Өткен жылдың жұмысын қорытындылаған департамент басшысы 2020 жылы жемқорлықпен ұсталғандар қатарында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласын тиімді дамыту орталығы басшысы лауазымдарын иеленген тұлғалар, сондай-ақ бірқатар аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басшылары барын айтты. Ал облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ өңірде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында да көптеген қылмыстар тіркеліпті.

Өткен жылы 53 қылмыс тіркелді. Оның 33-і ауыр қылмыстар санатына жатады. 28 қылмыс қаражатты жымқыру мақсатында жасалған. 5-еуі лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану жолымен, ал 18-і парақорлық мақсатында, — деген Бауыржан Балғабеков өткен жылы жемқорлыққа барғандардың мемлекетке 240,8 миллион теңге көлемінде шығын келтіргенін, оның 201 миллион теңгесі бүгінгі күні өтелгенін айтты. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлық туралы хабарлап, немқұрайлылық танытпайтын азаматтарды көтермелеу жұмыстары жалғасып жатқандығын да хабарлады. Мәселен, өткен жылы 11 адам 2 миллион теңге көлемінде біржолғы сыйақы алған.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы  Заңының 8-бабына сәйкес департамент сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп отырады.  Өткен жылы 13 субъектінің қызметіне қатысты 10 талдау жүргізілген. Оның ішінде 5 талдау тікелей департаменттің бастамасымен жүзеге асырылған. Жүргізілген талдаулардың қорытындысы бойынша 142 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою бойынша 242 ұсыным енгізілген.

Сондай-ақ заңнамамен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу көзделген. Өткен кезеңде 13 мониторинг жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша 47 ұсыным енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің қорытындысы бойынша жұмыс нәтижесінің жарқын мысалдарының бірі ретінде қамалған көліктерді уақытша сақтайтын коммуналдық автотұрақты іске қосу болып табылады. Бүгінгі таңда бұл қызмет жеке айналымнан шығарылып, заңнамада көзделмеген құндық-төлемдік кедергілер жойылып отыр, — деді Б.Балғабеков.

Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану бойынша 25 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде тексеріс жүргізіліп, жалпы сомасы 437,1 миллион теңгені құрайтын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағаларын негізсіз көтеру фактілері анықталған. Мақсатсыз ысырапқа жол берілмей, аталған сома бюджетке толығымен қайтарылды.

Облыста өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жалпы 375 500 адамды қамтыған 1000-нан астам іс-шара өткізілген. Оның ішінде 700-ден астам іс-шара онлайн форматта жүзеге асырылған.

Елдегі төтенше жағдай және жаһандық пандемияға байланысты, карантиндік шектеулер жағдайында «Antikor LIVE» жобасы қолға алынып,  жоба аясында 233 тікелей эфир өткізілген. Азаматтарға тегін заң көмегін көрсету бойынша «Адал Көмек» жобасы аясында 80-нен астам адам заңдық кеңес алған, 20 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 136 мыңнан астам адамды қамтитын 330-дан астам тікелей эфир өткізілген.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысының барлық аудан орталықтарында және қосымша 2 ауылдық округте 17 сервистік әкімдік ашылып, жұмыс істеуде. Осылайша Ақтөбе өңірі халыққа қызмет көрсетудің сервистік форматына көшу бойынша жұмысты толығымен аяқтаған. Сонымен қатар барлық ауылдық әкімдіктерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button