Әкімдер есебі

Орынды мәселелердің орайы қашан келеді?

Әйгілі ақ тарының атасы Шығанақ Берсиев атындағы ауылдың орталығы Қараталға Қарасу, Құмжарған елді мекендері кіреді. Ауыл әкімінің есебінде осы қос ауылдың өзекті мәселелері талқыға салынып, шешілу жолдары қарастырылды.

Қарасу – округ орталығынан 9 шақырым жерде орналасқан шағын ауыл. Медициналық пункті мен бастауыш мектебі бар ауылдағы күнкөріс көзі, негізінен,  мал шаруашылығы. Шаруаға жайлы мекен — тұрғындарының соңғы жылдары алға тартып жүрген негізгі мәселесі — ауызсу. Енді іргедегі округ орталығы — Қаратал ауылына көгілдір отын тартылады дегенді естіп, газға үміт артып отыр.

Алдымен ауыл әкімі Әділбек Ізбасов округ аумағында атқарылған жұмыстарға шолу жасаса, аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өзен суының көтерілмеуі мал азығын лиманды шабындықтан дайындайтын шағын ауылдың тұрғындарын соңғы екі-үш жылдан бері алаңдатып отыр. Сондықтан шаруашылық иелерінің бірі Сансызбай Молдағұлов ауыл әкімінен мал азығын дайындау үшін шабындық жер сұрайды. Сонымен қатар тұрғындардың ауылды жарықтандыру мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатса, ауызсу биыл ұңғыма құдықтың суын тұшытатын блок-модуль арқылы шешімін тапқалы отыр.

Құмжарғандықтардың көтеріп жүрген ұялы байланыс мәселесі былтыр шешілді. Ауылға Beeline байланыс жүйесі орнатылды. Тұрғындардың ендігі бір тілегі — ауылдың күре жолмен арадағы үш шақырымы. Биыл осы жолды қатқылдандыру үшін қиыршық тас төсеу жоспарланып отырғандығын аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев жеткізді. Тұрғындар атынан сөз алған Мақсат Жабасов ауыл әкімінің жұмысын сынға алды. Әсіресе, ауылда мал бағу мәселесі ұйымдастырылмаған. Тіпті әкім бұл мәселені тұрғындармен кездесіп, талқыламапты. Көшенің жарығына да көп сын айтты. Ауыл жанындағы күл-қоқыс полигонының да төңірегі «келісіп тұрған жоқ». Сонымен қатар ардагер ұстаздың көтерген мәселесі — мектептің жылуы мардымды емес. Оған жиыннан соң аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев бастаған топ арнайы барып, көз жеткізді. Аудандағы сұйық отынмен жылытылатын санаулы мектептің бірі болғанымен, мектептегі жылу қалыпты нормаға жетпей отыр. Сынып бөлмелеріндегі жылу небәрі +15-160C градус. Сол күнгі ауа райын ескерсек (-2 градус), қатты аяз күндері мектептің жылуы қандай болатынын болжау да қиын емес.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары айналадағы мал өрісінің тарылып бара жатқандығын тағы да алға тартты.

Құмжарғандағы кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев ауыл әкімін тұрғындардың ұсыныстарын мерзімінде орындауға міндеттеді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button