Әкімдер есебі

Бағдарламалар игілігі: несие, газ, интернет

Сейсенбі күні аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев пен Құмтоғай, Қызылжар ауылдық округтерінің әкімдері халық алдында есеп берді. Кездесулерде өткен жылы атқарылған жұмыстар баяндалып, тұрғындардың сауалдарына жауап берілді.

Алдымен аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев пен Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Әл-Фараби Әлібекұлы тұрғындарға өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Округ әкімінің айтуынша, өткен жыл құмтоғайлықтар үшін табысты жыл болды. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында округте бірқатар жобалар сәтті жүзеге асырылған. Мал саны артқан. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Димаш» шаруа қожалығы 300 бас қой және 20 бас қошқар сатып алуға 13,2 млн теңге несие алған. Ал «Жарас» шаруа қожалығы 6,5 млн теңгеге 150 бас қой, 10 бас қошқар сатып алған.

Бүгінгі күні округтегі жеке кәсіпкерлер мал өсіріп, жолаушылар тасымалымен айналысуда. Ауылдарда монша, сауда орындары салынып, мал шаруашылығы жыл санап дамып келеді, — деді ол.

Кездесуде ауыл тұрғындары мал жайылымы, ауылдағы мектептің жай-күйі туралы өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев тұрғындарды толғандырған мәселелерге көңіл бөлінетінін жеткізді.

Бұдан кейін аудан әкімі Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Жиында Қызылжар ауылдық округінің әкімі Марс Сейілханов қазіргі таңда округте 118 кәсіпкерлік нысаны бар екенін, өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Ханзада» және «Таң» шаруа қожалықтары «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 40 млн теңге несие алып, жылқы малын өсіріп жатқанын айтты. Оның айтуынша, округте «Еңбек» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша ілгерілеу бар. Былтыр округке қарасты Жаныс би, Шеңбертал ауылдарына ұялы байланыс орнатылған, Жаныс би ауылында газ құбыры іске қосылған. Сондай-ақ

Құрылыс ауылында «Қазақтелеком» АҚ арқылы Megaline кең жолақты талшықты оптикалық интернет желісі іске қосылған.

Кездесу барысында тұрғындар жол, бөгет мәселелеріне қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button