Әкімдер есебі

Екі ауылдағы есеп

 Ел көңілі көтеріңкі

Ауылдарына көгілдір отын келіп, жақында ғана ұялы байланысқа қол жеткізген сарықобдалықтардың көңіл күйі жақсы. Өз округтерінің әкімі Қуаныш Тағанов пен аудан әкімі Мамырғали Аққағазовтың есепті баяндамасын ықыласпен тыңдап, алдағы мақсаттарға құлақ түрді.

«Жақсы болған үстіне жақсы бола түссін» дейтін адами тілекті шектейтін нәрсе әзір жоқ. Сондықтан да болар, аудан әкіміне алғысын жаудырған сарықобдалықтар ендігі жерде ауылдарына қажет дүниелерді де жайып салды.

«Еңбек» шаруа қожалығының басшысы Ержан Сағиданов ауыл жағдайының күн санап жақсарып келе жатқанын, байланыс пен газ келіп елдің мәре-сәре болғанын айтып, ел азаматтарына алғысын білдірді.

— Алайда ауылымыздың одан сайын көркейгенін қалаймыз. Сондықтан ендігі кезекте Мәдениет үйі керек. Сондай-ақ ауыл сыртындағы көне көпірдің тозығы жетіп тұр. Соған жөндеу жұмыстары жасалса, — деген тілегін жеткізді.

Ауылдың сыйлы ақсақалы Мырзағали Текебаев та жиналғандарды ауылда болып жатқан жақсылықтармен құттықтап, келгендерге сәт сапар тіледі. Нариманның ыстығы мен суығын бір адамдай көтерген көнекөз қария өзі байқап жүрген осал тұстарды да тілге тиек етті.

— Ауыл жастары көбіне менің үйімнің алдына жиналады, өзім демалатын орындық жасап қойғам, соған отырып алып әңгіме-дүкен құрады. Себебі, басқа баратын жер жоқ. Сондықтан ауылға Мәдениет үйі керек. Жастар өртеңге шыққан көктей көбейіп келеді, мен соған қуанамын. Бір кездері қаладан нәпақа іздеп кеткен сарықобдалықтар елге оралып жатыр. Бұл дегеніміз — мектепте бала санының көбейетіні, ауылда игі  істер молдап атқарылатыны деген сөз.

Тағы бір айта кететін мәселе — 1972 жылы тартылған электр желісінің де тозығы жетіп тұр. Аз-маз жел болса сөніп қалады, тозығы жеткен, үзіле беретін сымдарды құрап-сұрап жалғап, ілдалдалап отырмыз. Осы мәселе ескерілсе, — деген лебізін білдірді ақсақал.

Көп жыл ұстаздық қызмет атқарған, сарықобдалықтардың көбі шәкірті болған Алтын Дүйсенбаева  ауылдастарын барлық жаңалықтармен құттықтап, ел басқарып отырған азаматтарға ауылдастарының атынан алғысын білдірді.

Ауыл тұрғындарын мұқият тыңдаған ауыл әкімі ел басына түскен қиын кезеңде де барлық шаруа рет-ретімен атқарылып жатқанын тілге тиек етіп, сарықобдалықтарды шыдамға шақырды. «Бірнеше ондаған жылдар бойы қол жеткізе алмай келе жатқан көгілдір отын келді, ұялы байланыс орнады. Оның қасында бұл айтып отырған мәселелеріңіз ретімен атқарылатын шаруалар, сәл шыдаңыздар», — деп, аудан әкімі өз жауабын жақсы үмітпен аяқтады.

Жер мәселесі ушығып тұр

Өткен жылы ғана пайдаланылуға берілген Ақайдың үлкен де жарық Мәдениет үйіне ауыл тұрғындары біраз жиналды. Сақтық шараларын қатаң сақтап, екі орындықтан соң отырғанның өзінде үлкен зал лық толды. Округке қарасты екі ауылдың халқы жиналған жиын тартысты өтті.

Ауыл тұрғындарынан түскен сұрақтардың дені — жер мәселесі.

Бірінші, егістік жер ретінде берілген алқапқа ештеңе шықпайды. Сондықтан оның дәрежесін жайылымдық жерге өзгерту керек. Бұл — «Исламбек» шаруа қожалығының басшысы Салауат Түлкібаев көтерген мәселе.

Екінші, жылда аукционға қатысып, бос жатқан жердің өзіне қол жеткізе алмай келе жатқан шаруалардың наразылығы. Бұл жөнінде «Таңат» шаруа қожалығының басшысы Асқар Әбуов, «Жасұлан» шаруа қожалығының басшысы Бақтығали Сейтеновтер ашына айтты. Аталған мәселелер бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ескендір Бекіш жан-жақты жауап берді. Бұл жерде айта кететін бір жайт, Жер туралы заңның өзі соңғы үш-төрт жылдың көлемінде бірнеше рет өзгерді. Жарияланған мораторий тағы бар. Алайда аудан басшылығы қиыннан жол тауып, көптеген бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды.

Үшінші, ауылдың жеке малына жайылымдық жер тапшы. Шындығында бұл —көптеген оуругтерде көтеріліп жүрген мәселе. Бір кезде пышақ үстінен бөлініп, шүленше таратылып кеткен жерді кері қайтару — үлкен жұмыс. Округ малына тиесілі жердің тарылып кеткені де жасырын емес.

Ақайлықтар жер мәселесі туралы біраз дуылдасып барып, әлеуметтік сауалдарға көшті.

Көлтабан ауылында медбике жоқ. Бір күн жүрсе, үш күн тұратын жедел жәрдем көлігінде кейде бензин болмай қалып, науқастар өз қалталарынан төлейтін көрінеді. Бұны қатты сынаған аудан әкімі М.Аққағазов аудандық аурухананың бас дәрігері М.Қапашевқа қатаң тапсырды.

Тұрғындар көтерген тағы бір мәселе — мектептегі бу қазандығының жарылып, мектептің салқындап кеткені. Былтыр ғана газ берілген ауылдың мектебінің бұрынғы қазандығы газ жүйесіне жарамсыз. Жаңа қазандық салынып жатыр, жақында іске қосылмақ.

Ақай — бұрыннан да ынтымағы жарасқан, берекелі ауыл. Ауылдан қияға қанат қаққан өрендер туған жерден жырақта жүрсе де, елге зер салып, қол ұшы көмектерін беріп жүреді. Жақында іске қосылған Мәдениет үйінің музыкалық аспаптары, бильярд столы, басқа да асай-мүсейлері осындай азаматтардың демеушілік көмегінің арқасында алынды. Аз ғана уақыт бұрын еңбек демалысына шығып, жас зейнеткер атанған Салауат Түлкібаев, кәсіпкер Қыдырбай Ксупов сияқты азаматтар тек демеушілік көрсетіп қана қоймай, ағалық, азаматтық ақылдарын айтып, ел тынысына белсене араласып жүреді.

Әрине, ел болған соң, барлық мәселе бір сәтте шешіле қоймайды. Қаражат керек, уақыт керек.

Сонымен, аудан әкімі Сарықобда және Ақай ауылының тұрғындарының алдында есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Есеп беру жиналысынан кейін тұрғындарды жеке қабылдады.

                                                                                                                                Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button