Әкімдер есебі

Еншісі бөлек, мәселесі ортақ

Саралжын ауылдық округінің әкімі Абат Мүбараков округке қарасты Қоңырат, Шиқұдық ауылының тұрғындарымен кездесіп, өткен жыл ішінде атқарылған және биылғы жылы жасалатын жұмыстар туралы есеп берді.

Екі ауылдың да негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Алайда тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы мардымсыз. Бірақ мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар мен кәсіпкерлерге қолдау тоқтаған жоқ. Айталық, екі ауылдың да ортақ мәселесі — ауызсу. Тұрғындар құдықтан қауғалап ішіп отыр. Ал орталықтандырылған су құбырын тартуға тұрғындар саны жетіспейді.

Алайда ауыл әкімі бұл жағдайды ұңғыма құдыққа суды сүзіп тазалайтын қондырғы орнату арқылы шешпекші. Ол үшін құдық суынан сынама алынып, зертханаға жіберілді. Биыл қос ауыл таза ауызсуды тұтынатын болады.

Қоңыратта 12 ғана үй бар. Бала саны жетіспегендіктен мектеп жабылған. Тек фельдшерлік пункт жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі алты-ақ бала бар. Бұл ауылға тұрғындарды көшіріп, адам санын көбейту — басты шаруа. Дегенмен ауылдың қасындағы «Тәжібай Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл адамдарын жұмыспен қамтып, жайлауға жан бітіріп отыр. Ал өзеннің бойы мал ұстауға, бау-бақша егуге қолайлы.

Шиқұдық елді мекенінің тұрғындары өткен жылы ауылға тұрақты фельдшердің керектігін айтқан еді. Былтыр келген жас маман бұл мәселені күн тәртібінен түсірді. Ауыл әкімі Шиқұдыққа шағын футбол алаңын салуды көздеп отыр. Өйткені ауылдағы бір қабатты ескі мектепте спорт залы жоқ. Болса да талапқа сай емес.  Сондықтан мектеп мұғалімі Дәулеткелді Сисенбаев шағын футбол алаңының орнына жабық спорт кешенін салуды ұсынды. Қыста денешынықтыру сабағын өткізуге, қазіргі таңдағы жастардың ең қызығып ойнайтыны футбол мен волейбол ойындарын өткізуге мүмкіндік болмай тұр. Тұрғындардың есеп беру жиынына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ұсыныстардың бәрі қаралатынын айтып, тұрғындардың тілегіне қатысты сауалдарға жауап берді.

С.ХАМЗИН,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button