Басты жаңалықтарДенсаулық

1 ақпанда  індетке қарсы  вакцинациялау басталады

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

«Спутник V» вакцинасы сатып алынады

А.Цойдың айтуынша, бүгінгі күні әлемнің 220 елінде коронавируспен ауырған  95 миллион адам тіркелген. 2 миллионнан астам адам қайтыс болған. Жаһандық өлім көрсеткіші — 2,1 %.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алты аймағының үшеуінде, яғни Америка, Тынық мұхиттың батыс бөлігі және Африкада  халықтың COVID-19 вирусымен сырқаттану көрсеткіші өсіп барады.  Еуропа және Шығыс Жерорта теңізі аймағында коронавирусқа шалдығушылар көбеюде. Көрсеткіштің төмендеуі тек Оңтүстік, Шығыс Азия елдерінде байқалды.

Сырқаттанушылықтың таралу көрсеткіші мен деңгейі бойынша Қазақстан Түркия сияқты тәуекелі орташа аймақта, яғни  сары аймақта тұр. Тәуекелі жоғары аймақта, яғни қызыл аймақта Украина, Ресей Федерациясы, Беларусь, Германия, Италия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдер бар. Оңтүстік Корея мен Сингапур жасыл аймаққа кіреді, — деді А.Цой.

Қазақстанда  пандемия басталғаннан бері COVID-19-ға оң нәтижемен 170 098 науқас және 46 866 науқас  КВИ жағдайы бойынша тіркелген. КВИ+ 154 449  науқас және КВИ- 34 656 науқас емделіп шықты. Қайтыс болған адамдар саны – КВИ+ 2 423 адам және КВИ- 542 адам.  Оның ішінде соңғы тәулікте КВИ+  999 жағдай және КВИ- 18 жағдай тіркелді, оның ішінде 9 —  өлім жағдайы (7 – КВИ+, 2-КВИ-).

Министрлік күн сайын эпидемиологиялық жағдайды бақылап отырады. Жыл  басталғаннан бері сары белдеуден қызыл белдеуге 3 өңір, яғни  Қостанай, Павлодар облыстары мен  Нұр-Сұлтан қаласы өткен. Ал коронавирус жұқтыру көрсеткіші орташа аймаққа Алматы және Қарағанды облыстары еніп отыр. Қазіргі күні қызыл белдеуде алты өңір тұр. Олар —  Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы. Сары белдеуде  3 өңір, яғни  Батыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары тұр.  Қалған 8 аймақ  жасыл белдеуге кіреді.

Жалпы республика бойынша қарашадан бастап коронавирусқа шалдығушылардың саны өсті.  Қазан айымен салыстырғанда қараша айында сырқаттанушылық 4,5 есе, ал қарашамен салыстырғанда желтоқсанда көрсеткіш  1,2 есе өсті. Қаңтар айында да аурушаңдықтың өскені байқалды. Бұл соңғы екі айдағы  мереке күндері халықтың профилактикалық шараларды сақтамауының салдарынан болып отыр. Мәселен, қаңтардың 19-ы күні коронавирусқа 14 625  адам шалдыққан. Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық өңірлерде аурушаңдықтың өскені  байқалды, — деді А.Цой.

Үкімет отырысында министр Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. А.Цойдың айтуынша, 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресейдің  тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарланған. Ал  20 қаңтарда арнайы тәртіп бойынша сатып алу және  Қарағанды фармацевтикалық кешені мен СК-Фармация арасында құжат рәсімдеу жұмыстары басталады. 27 қаңтарда  вакциналар Қарағанды фармацевтикалық кешенінен бірыңғай дистрибьютордың 4 хабына жеткізілмек. Ал  1 ақпанда халықты жаппай вакцинациялау басталады.

Екпе қалай жүргізіледі?

Вакцинациялау жұмысы  вакцинаның әкелінуіне байланысты  кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде, яғни ақпан айында   инфекциялық ауруханалар, жедел медициналық жәрдем, реанимация және қарқынды терапия бөлімі, медициналық-санитарлық алғашқы көмек, ауруханалардың қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері және санэпидқызмет қызметкерлерін егу жоспарланған. Жалпы 100 000 адамды егу көзделіп отыр.

Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарының педагогтері, ведомстволық медициналық қызметтің медицина қызметкерлері, яғни 150 мың адамға екпе салынады. Бұл  жұмыстар наурыз айынан басталады.

Үшінші кезеңде мектеп-интернаттар мен балалардың мектепке дейінгі мекемелерінің педагогтері, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. Сәуір айында 600 мың адамды егу жоспарланып отыр.

Төртінші кезеңде Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс  министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті  қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, БМДМ персоналы және созылмалы аурулары бар адамдарға екпе жүргізіледі. Бұл уақытта 600 мың адамды қамту көзделген. Екпе жұмыстары мамыр айында басталады.

Бесінші кезеңге медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балалардың жабық мекемелерінің қызметкерлері және созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. Бұл уақытта  600 мың адамды қамту көзделген. Екпе маусым айында басталады.

Алтыншы кезеңде тәуекел тобындағы қалған контингент қамтылады. Екпе  шілде-желтоқсан айының аралығында жүргізіледі. Бұл кезеңде 600 мың адамды қамту көзделген.

Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинациялаудың электрондық паспорты әзірленді. Вакцинация жүргізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізіледі. Пациент және медицина қызметкері ақпаратты m-gov мобильдік қосымшасы арқылы веб-қосымшаға енгізе алады. Жүйе жаһандық ақпараттық жүйемен интеграциялануға қабілетті, яғни вакцина алған адам сол ақпаратты талап еткен жерге көрсете алады, — деді А.Цой Үкімет отырысында.

Індет қай кезде өршуі мүмкін?

Денсаулық сақтау министрлігінің болжау жөніндегі жұмыс тобы жыл соңында эпидемиологиялық жағдайдың қалай болатынына болжам жасады. А.Цойдың айтуынша, коронавирусқа шалдыққандар наурыз айының соңында көп тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың адам ауыруы мүмкін деген болжам бар. Бұл кезеңде қатаң карантиндік шараларды енгізу жоспарланып отырған жоқ.

— Реалистік және пессимистік сценарийлер кезінде күн сайын індет жұқтырған 6 және 9 мың адам  тіркелуі мүмкін. Бұл кезде денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсірмеу және сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қатаң карантиндік шараларды енгізу қажет болады.

Бірінші кезеңде 2 миллион адамды вакцинациялау эпидемияның дамуына оң әсер етеді. Біздің есептеуімізше, 2 миллион адамды вакцинациялау  коронавирус жұқтырушылардың санын 40 мыңға азайтады. Тиісінше, вакцинациямен қамту неғұрлым жоғары болса, КВИ-мен сырқаттанушылық пен өлім-жітім азаяды және шектеу шаралары мен локдаунсыз өмірге оралу ықтималдығы артады. Бүкіл әлем өзін-өзі оқшаулау мен карантинге жалғыз балама — вакцинация  екенін түсінді, — деді А.Цой.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button