Басты жаңалықтарЭкономика

Қор және баға

Қыста көкөніс пен жеміс-жидектер едәуір қымбаттайды. Әсіресе, сырттан тасымалданатын бұл өнімдердің бағасы шарықтап кетеді. Жыл соңында облыста кейбір әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасы көтерілгені белгілі. Бүгінгі күні жергілікті биліктің азық-түлік бағасын реттеу, тұрақтандыру мақсатында атқарып жатқан шараларына сәйкес, баға қатаң бақылауға алынып, жағдай реттелгендей болды. 

Жергілікті өнімнің сапасы жоғары

Қазір Ақтөбе қаласында «Табыс» коммуналдық базарына қарасты 18 шағын базар жұмыс жасайды. Осы базарларда  3 әлеуметтік дүкен жасақталған. Олар — «Нұр Ақтөбе», Батыс-2 шағын аудандарындағы шағын базарлар мен «Табыс» коммуналдық базары ішіндегі әлеуметтік дүкендер.

Қазір қаланың Жұбановтар көшесі мен Тұрғындар, Әуе қалашықтарында біздің шағын базарларымыз жұмыс жасап жатыр. Сонда «Табыс» павильоны да бар. Бұл жерде тұрақтандыру қорынан әкелінген өнімдер де саудаға шығарылады. Ол үшін арнайы атауы бар бұрыш жасақталды. Бұл жердегі әлеуметтік маңызға ие тауарлар арзан бағада сатылады. Ең бастысы, арзан өнімдерді алуға шектеу жоқ, әркім тұтына алады, — дейді Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Асқарбек Қойлыбаев.

Оның айтуынша, бұған дейін тұрақтандыру қорынан тасымалданған картоптың сапасы нашар болған. «Тұрақтандыру қорына жеткізуші — «Пригородный» шаруашылығында өсірілген картоп қазір саудаға шығарылып жатыр. Сапасы өте жақсы. Бүгінгі күні біз қаладағы «Көкөніс» қоймасынан картоптың келісін 75 теңгеден павильондарымызға жіберіп жатырмыз. Ал ондағылар бөлшек саудада өнімге 10 пайыз үстеме бағасынан артық қоспайды. Қазіргі күні «Табыс» шағын базарларында бір келі картоптың бағасы 84-85 теңге шамасында сатылып жатыр. Бағаны одан артық көтеруге болмайды. Мәселен, қырыққабатты 70 теңгеден алсақ, шағын базарларда бұл өнімнің келісі 80 теңгеден сатылады. Пияздың келісі 60 теңге болса, бізде 65 теңгеден, күріш 220 теңге болса, базарда 230 теңгеден сатылады. Біз одан артық бағада сатуға рұқсат етпейміз. Базар әкімшілігі тарапынан бағаны бақылау, реттеуге қатысты күн сайын мониторинг жүргізіледі. Ол үшін арнайы павильондарға азық-түлік өнімдерінің бағасы жазылған тізім ілінді. Сатушылар өнім бағасын сол шектен асырып сатпайды», — дейді А.Қойлыбаев.

«Рамазан» жұмыртқа бағасын 7 пайызға көтерді

Қазіргі күні «Табыс» коммуналдық базарында орынды жалға алушы өзге де саудагерлер бар. Олар өнімді негізінен қалаға жақын 41-разъездегі көтерме базардан тасымалдайды. «Қазір көтерме базарда картоптың келісі 110 теңгеден сатылады. Дегенмен саудагерлер базарда өнімнің бағасын 10 пайыздан артық көтермейді. Осындай кейбір тауарлар Ресей және еліміздің өзге өңірлерінен жеткізіледі. Мұндай тауарға баға өссе, біз бірден тыйым саламыз», — дейді базар өкілі.

Асқарбек Қойлыбаевтың айтуынша, «Табыс» коммуналдық базарында «Рамазан» кәсіпорны өндіретін 1 санатты жұмыртқаның ондығын бұған дейін 340 теңгеден сатқан. «Жұмыртқа — әлеуметтік маңыздағы тауар.  Биыл 15 қаңтардан бастап «Рамазан» кәсіпорны басшылығы жұмыртқаны 365 теңгеден сатуға бұйрық шығарған. Яғни өнімді жаңа жылдан бастап 7 пайызға көтеріп отыр. «Рамазан» кәсіпорнының бір павильоны «Табыста» тұр. Сол сияқты қазір бізде Ресейден жеткізілетін 1 санатты «Деревенское» жұмыртқасының ондығы 420 теңгеден сатылып жатыр. Жаңа жылдың алдында жұмыртқамен қатар күнбағыс майының да бағасы өскен болатын. Бүгінде біз әлеуметтік дүкендерде күнбағыс майының литрін 550 теңгеден сатқанымызбен, іштегі жалға алушылар бұл өнімнің литрін  580 теңгеден жоғарыға саудалап тұр. Бұл өнімге бағаның неліктен өскенін құзырлы органдар бақыламаса, мұны реттеу біздің құзыреттілігімізге кірмейді,— дейді ол.

«Табыстағы» терминал немесе жаңа жүйе

Былтыр жыл соңына дейін облыс орталығында апта сайын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Биыл бұл шара әзірге бастала қойған жоқ.

Бұған дейін аудандардағы шаруа қожалықтары өнімін өткізу үшін бізбен арнайы келісімшарт жасасып, орынды бір айға жалға алатын. Ол үшін 40 мың теңге көлемінде қаражат төлейтін. Алайда кейбір қожалықтар екі-үш күн ғана сауда жасап, кетіп қалатын. Орын бос қалады. Жаңа жылдан бастап бұл жүйені өзгертіп жатырмыз. «Табыс» коммуналдық базарының ішіне терминал қойылды. Онда арнайы қосымша енгізілді. Мәселен, Қобда ауданынан келген шаруа қожалығы бұрынғыдай әуелі базар әкімшілігіне емес, орынды жалға алу үшін терминалға барады. Онда арнайы батырманы басса, қандай құжаттар талап етілетіні жазылған. Егер экранда көрсетілген құжаттардың барлығы қолында болса, «төлем жасау» батырмасын басады. Осы кезде терминалдан автоматты түрде оның базардағы сату қатары мен орны көрсетілген корешок беріледі. Осы корешокпен ол  базар бухгалтериясына барып төлем жасайды.   Ең бастысы төлемді бұрынғыдай бір айға емес, бір күнге немесе өзінің қалаған уақытына дейін жасауына болады. Бұл — қожалық иесінің өз еркі. Осындай жаңа әдіс бізге де, шаруашылық иелеріне де тиімді, — дейді Асқарбек Қойлыбаев.

Қазір «Табыс» коммуналдық базарында қобдалық жігіт жаңа жүйенің көмегімен сату орнын алып, өз жерінде өсірген картопты арзан бағасына саудалап жатыр.

Базар әкімшілігі жаңа жүйені аудандардағы тауар өндірушілерге насихаттауды қолға алған.

Тоқсан орын және стационарлық емес сауда

Әсел Бөлекова, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:

Ақтөбе қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, сондай-ақ қала тұрғындарын қолжетімді, сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы бөлшек саудамен айналысатын ірі кәсіпорындар, азық-түлік сататын базарлардың басшылары және жергілікті тауар өндірушілермен жыл соңында өзара ынтымақтастық  туралы 33 меморандум жасасты. Меморандум бойынша сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне өнімнің кіріс бағасынан 5 пайыз аспайтын үстеме қосу қарастырылған. Сол сияқты тауар өндірушілер мен жылыжай  шаруашылықтары басшыларымен келісімшарт жасасу кезінде тауардың түпкілікті бөлшек сауда бағасына 5 пайыз үстеме белгілеу қарастырылған. Сонымен қатар базар басшыларына жергілікті тауар өндірушілерге сауда жасау үшін негізгі орындардан беру және жалдау ақысында жеңілдіктер қарастыру талаптары көзделген.

Бүгінгі күні Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік  бөлімі аталған меморандум аясында  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша күн сайын баға мониторингін жүргізеді. Бұл бағытта жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жоғары болған жағдайда сауда нысандары әкімшілерімен бірге бағаны шекті мәннен асырмауға, яғни тұрақтандыру жөнінде келіссөздер жүргізіледі. Егер бағаның өсу себебі тікелей жеткізушіге немесе тауар өндірушіге байланысты болса, бөлім тарапынан Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне өз құзыреті шегінде жұмыстар жүргізу үшін ресми хат жолданады.

Сонымен қатар тұтыну бағасы индексінің республикалық орташа баға көрсеткішінен аспауына жол бермеу мақсатында облыстық статистика департаментінің өкілдерімен әр аптаның сейсенбі күндері баға мониторингі жұмыстары жүргізіледі.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және халықты қолжетімді бағада азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін Ақтөбе қаласы әкімінің арнайы қаулысына сәйкес стационарлық емес сауда үшін бүгінде 90 орын анықталды. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің ресми сайтында  стационарлық емес сауда орындарына конкурс жарияланды. Бұл — сауда базарларының қызметін ұйымдастыру мақсатында қолға алынған шара.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button