Жаңалықтар

Электронды әлемнің виртуалды ұрылары

Соңғы кездері алаяқтардың интернет желісін торуылдауы заңды да. Себебі еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонға телміріп, әлеуметтік желіде отырады. Оның үстіне үйден шыға алмаған карантин кезеңінде тірліктің біразы интернетке тәуелді болды емес пе.

Былтыр облыста интернет желісін пайдаланған алаяқтарға қатысты 625 оқиға тіркеліпті. Бұл туралы бізге облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі  полиция подполковнигі Данияр Алимұханбет айтып берді.

— Соңғы жылдары алаяқтыққа қатысты құқық бұзу оқиғаларының дені интернет арқылы онлайн түрде жүзеге асады. Интернет алаяқтықтың түрі де көп. Таратып айтсам, облыста тіркелген оқиғалардың 90-ы микро-займды онлайн рәсімдеуге, 75-ке жуығы ақша айналдыруға қатысты. Сондай-ақ банк картасынан Ресей банк есепшоттарына ақша аудару бойынша 30 дерек, Instagram әлеуметтік парақшасы, olх сайты арқылы тауар сатуға байланысты 55 дерек, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жақындарының емі үшін ақша жинауды сылтау еткен 10 дерек анықталды. Kolesa.kz сайты арқылы автобөлшектер сатуға қатысты 45-ке жуық, ал пәтерді жалға беруді желеу еткен 15 дерек белгілі болды, — дейді полиция подполковнигі Данияр Алимұханбет.

Әлемдік желіні торуылдайтын алаяқтардың алдау қағидалары дәстүрлі болғанымен, ерекше сипатқа ие. Біріншіден, олардың көпшілігі жалған атты жамылып, жасырын әрекет етеді. Екіншіден, интернетті пайдаланатындығы халықаралық деңгейде таралуын көрсетіп отыр. Яғни шекара талғамайды.

Виртуалды әлемнің сан қатпарына жасырынған алаяқтардың «қақпан құру» тәсілі де көп. Ең көп таралғаны — әлеуметтік желі арқылы немесе танымал платформаларда тауар сату.

— Мысалы, бір азамат «Крыша», «Маркет», «Колеса» секілді танымал платформалардың біріне қандай да бір мүлкін сату туралы хабарландыру шығарады. Оған бір сатып алушы хабарласып, мүлікті сатып алғысы келетінін, бірақ басқа қалада жүргенін, хабарландыруды алып тастауын сұрап, ол үшін банк картасына төлемнің бір бөлігін салып жіберетінін айтады. Сатып алушының кейпін жамылған алаяқ сатушыға хабарласып, ақша аудару үшін абонент нөміріне келетін кодты (смс-пароль) жіберуді өтінеді. Әрі қарай жаңағы кодты қолға түсірген алаяқ сатушының жеке кабинетіне кіріп, есепшотындағы бар ақшаны өзінің электронды әмиянына аударып алады. Ешуақытта өзіңіздің абонент нөміріңізге келетін смс-кодты тіпті банк қызметкеріне де айтпауыңыз керек. Егер біреу сондай смс-код сұраса, ол — алаяқтың ісі. Тек әр нәрсеге күдікпен қарап үйренген жөн, — деп ескертеді Данияр Алимұханбет.

SMS-КОДТЫ АЙТАМ ДЕП…

Ақтөбе тұрғыны өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған алаяққа сеніп, 1,2 миллион теңгесінен айырылды.

Облыс аумағында алаяқтар көбейіп барады. Олардың кейбірі өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, «табыс табуға» көшкен. Көп жағдайда қолданатын тәсіл қарапайым, олар sms-кодтарын және шоттар мен карталар туралы басқа құпия ақпаратты алуға тырысады.

Алаяқтықтың осындай түріне 53 жастағы қала тұрғыны тап болды. Белгісіз мобильді нөмірден банктің «қауіпсіздік қызметінің» қызметкері ретінде бейтаныс адам қоңырау шалған. «Қаскүнем, алаяқтар шотыңызды бұзуға тырысып жатыр» деп сендіріп, мұны болдырмау үшін оған sms-хабарлама арқылы келген кодты айтуды ұсынды. Кодқа ие болған алаяқ 2 несие рәсімдеп үлгерген. Жалпы шығын — 1 миллион 250 мың теңге. Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

— Осындай оқиғалардың алдын алу үшін ешкімге, тіпті банк қызметкеріне де жеке шоттар мен карталарға қатысты sms-код және басқа дербес ақпаратты айтуға болмайтынын еске салады. Егер кем дегенде кішкене күмән туындаса, қандай жағдайда да ешқандай әрекет жасамау керек және операцияны растаудың қажеті жоқ, — дейді полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Есіңізде болсын, банктер мен төлем жүйелері ешқашан хаттарды жібермейді немесе клиенттердің телефондарына хабарласып, шот деректерін беруін сұрамайды. Қауіпсіздік үшін әрі осындай оқиғалардың алдын алу үшін барлық қажетті ақпарат банктерде бар.

«Мен алдандым…»

Интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрі — «Колеса», «Олх» сайттары арқылы автокөлік және қосалқы бөлшектерін сату. Осы тәсілмен жұртты алдауға дәніккен алаяқтар жетіп артылады. Солардың бірінің қақпанына қалай түсіп қалғанын өзі де сезбей қалған Ақтөбе қаласының тұрғыны А.Елеусізов бізге мән-жайды баяндап берді.

— Бала кезден темір-терсекке үйір боп өстім. Көліктерді шұқылап, қажет болса, өзім жөндеп ала беремін. Бұрын өзіміздің қаладағы сауда орындарына барып, қосалқы бөлшектер іздейтінмін. Интернеттің мүмкіндігін пайдаланып, соңғы жылдары хабарландырулар топтастырылған әлеуметтік парақшалар мен сайттардан іздейтін болдым. Екі жеңіл көлігім бар. Бұған дейін көліктерге керек бөлшектерді  Петропавл, Павлодар, Қостанай, тіпті Өскеменнен де еш күдіктенбестен Jet logistic компаниясы арқылы алдыртып жүрдім. Сұраған затымды сатушылар маған қарай жеткізушілерге тапсырғаннан кейін, тасушы мекемеден «техника бөлшектері тасымалдауға қабылданды!» деген хабарлама келеді. Содан кейін осы жақтан  ақшасын аударып жүрдім. Былтыр шілде айында тағы да хабарландыру қарадым. Бұл жолы өзіме емес, ағамның көлігі үшін бір құрал іздедім. Қуантайын деп. Содан olx қосымшасынан іздеп отырған құралымды таптым. Бағасы арзандау болғасын, хабарластым. Өзін avtodvig.ru сайтының өкілі ретінде таныстырған Олегке жаңағы құралдың ақшасын рубльмен аударатын болдым. Ресейдің Новосибирск қаласынан хабарласып тұрған ол құралды видеоға түсіріп жіберді. Іздеп жүрген құралды тапқаныма мәз болып, аузым ашылып, біздің валютаға шаққанда, 450 мың теңгемді өз қолыммен бейтаныс жігітке аударып жібердім. Қаншама рет сөйлессек те, Олег өзі түрін көрсетпеді. Телефон камерасының істен шыққанын айтып, сылтауратты, — дейді интернет-алаяқтарына алданған А.Елеусіз. Сондай-ақ жәбірленуші өзі байқаған интернет алаяқтарына тән екі нәрсені атап өтті. Біріншісі, адамды алдап-арбап қолға түсіру үшін тауарды әдеттегіден арзан етіп қояды. Екіншісі, негізінен, танымал компанияның атын жамылып әрекет етеді. Сондықтан да ол интернет арқылы сауда-саттық жасағанда аса сақ болу керектігін, күдікті бірдеңе байқасаң, күмәнданып қарап, тексеріп, «екі қарап, бір шоқуға» кеңес береді.

«Алаяқ арбауынан аман қалдым»

Тағы бір мысал келтірейін, жақында әріптесім Кәмшат Қопаеваға жақсы сыйласатын дәрігерінен whatsapp желісі арқылы хабарлама келеді.

— Біреудің атынан whatsapp арқылы ақша сұрайтын алаяқтар көбейіпті деп естіп едім, жақында өзім соның куәсі болдым. Таныс дәрігерім whatsapp арқылы хабарлама жіберіпті. 50 мың теңге сұрапты. Нөмірі басқа, бірақ суреті сол. Ойланып қалдым. Қиналып тұрғанында көмектескім де келді. Сөйтіп, не болса да өзімен сөйлесейін деп қоңырау соқтым. Танысым бірден: «Ол — алаяқ, ешкімге ештеңе жіберме!» деді. Содан жаңағы хабарлама жіберген адам қайта-қайта хабарлама жіберіп, әбден мазамды алды. «Сен менің танысым емессің, полицияға хабарласам» деп едім, сол сәтте менің нөмірімді бірден бұғаттап тастады. Сөйтіп, алаяқ арбауынан аман қалдым. Таныс дәрігер жаңағы алаяққа біраз адамның ақша аударып үлгергенін айтты. Интернеттің тұрмысымызға еніп кеткені соншалықты — оның қауіпсіздігі туралы титтей де ойламаймыз. Сақ болыңыздар! Виртуалды әлемде бір танысың ақша сұрап қалса, сол адамның өзімен сөйлесіп алған абзал. Ақ-қарасын білу үшін. Алданып қалмаңыздар! — дейді әріптесім.

Қазір тіпті Құдайдан қорықпайтындар ауыратын балалардың еміне қаражат жинап та, табыс табады екен. Шынымен ауырып қалған адамға көмектескен, әрине, дұрыс. Алайда естімеген елде көп: ел ішінде өзінің емес, өзгенің сау баласының суретін пайдаланып, интернет арқылы «қайыр сұрайтындар» да бар екен.

Қалай қорғану қажет?

Облыстық полиция департаментінің криминалды полиция басқармасы тұрғындарды сақ болуға шақырып, мынадай кеңестер ұсынып отыр.

Әсіресе, интернеттегі сауда-саттық алаңындағы төмен баға күдік туғызса, сол тауарды басқалар қаншаға сатып жатқанын салыстыру қажет. Сондай-ақ үшінші тұлғаға өзіңіздің төлем картаңыз туралы ақпараттты, смс-хабарлама арқылы келетін түрлі код-парольдарды айтпаңыз, бермеңіз. Интернет арқылы күдік туғызатын сауда-саттықтан бас тартыңыз. Қандай да бір электронды әмияндарға алдын ала төлем жасауға келісім бермеңіз. Егер интернет арқылы сауда жасағыңыз келсе, әрі тауар басқа қалада болса, онда сол қаладағы танысыңызға сатушымен бетпе-бет кездесуді өтінген жөн. Қалай болғанда да «сақтықта қорлық жоқ». Көбіне алаяқтар бір күндік ұялы телефондар мен бір күндік абонент нөмірін қолданады да, шаруасын тындырған соң ізін жасыру үшін жаңағы телефон мен нөмірден құтылады. Сондай-ақ төлем жүйесіндегі барлық қауіпсіздік жүйесін іске қосып қойған жөн.  Құпия сөздерді үнемі ауыстырып отырған абзал, әрі ол күрделі болуы тиіс. Банк картаңызды мобильді банкинг қызметіне қосып қойған тиімді.

Негізі, өмірде болып жатқан интернет-алаяқтық жағдайлары тіркелген көрсеткіштен әлдеқайда көп. Бірақ көпшілік оған мән бере бермейді. Алайда қоғамдағы бар нәрсе бір күні сіздің басыңыздан өтпейтініне кім кепіл? Сондықтан да интернет кеңістігінде өзіңіз, жақындарыңыз туралы барлық деректі ашық көрсетпеңіз, қолдан келгенше қауіпсіздік шараларын жасауға тырысыңыз. Мамандар кеңесі де — осы.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button