Басты жаңалықтарӘлеумет

Біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін шот аштыңыз ба?

«Отбасы банкі» уәкілетті оператор ретінде біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін арнайы ағымдағы шоттарды ашуды бастады. Аталған банктің баспасөз қызметі осылай ресми түрде мәлімдеді. 

Тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу мақсаттарына біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды көздеп отырған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшылары ««Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) онлайн режимде арнайы ағымдағы шот аша алады.

Біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот — ҚР Үкіметі белгілейтін уәкілетті операторында тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін ашылатын ағымдағы банк шоты.

— Біз, ең алдымен, қазіргі уақытта «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының клиенті болып үлгермеген зейнетақы қорының салымшыларына арнайы ағымдағы шоттар ашуды ұсынамыз. Бұл үшін «ЖССБ24» мобильді қосымшасын жүктеп, құрылғыңызға қондыру қажет (IOS және Android). Қосымшаның басты бетінің төменгі жағындағы «Біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу» пернесін басасыз. Сосын қолданыстағы ұялы телефон нөмірін және жеке сәйкестендіру нөмірін енгізесіз. Ұялы телефон нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі. Келген кодты енгізесіз. Сканерлеу үшін жеке куәлігіңізді дайындап қоюыңыз керек. Енді өзіңізді куәландыру қажет. Ол үшін экранға қарап, қиын емес бірнеше іс-әрекетті орындайсыз. Верификациядан сәтті өткеннен кейін клиент сауалнамасындағы жеке деректерді толтырасыз. Деректерді өзгертуге арналған өтінішпен, банктің стандартты талаптарымен және біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу туралы өтінішпен танысыңыз. Бұл әрекет расталу үшін сіздің нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі, келген кодты енгізіңіз. Әрі қарай, интернет-банкингке кіру үшін пароль ойлап тауып, енгізіңіз. Мобильді қосымшаға жылдам кіру үшін 4 саннан тұратын пасскод ойлап тауып, енгізіңіз. Болды, бар болғаны осы. Осыдан кейін біржолғы зейнетақы төлемі аударылатын арнайы ағымдағы шот ашылады, — дейді аталған банктің облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Зайтов.

«Отбасы банкі» клиенттері үшін арнайы шот онлайн-платформада біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы өтініш беру барысында ашылады. Платформа біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелері бекітілгеннен кейін іске қосылады. Сондай-ақ арнайы шотты «Отбасы банкі» АҚ сайтындағы бейнеқоңырау қызметі арқылы да ашуға болады.

—  «Отбасы банкі» уәкілетті оператор ретінде зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашуға және жүргізуге, сондай-ақ зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін аударуға байланысты агенттік қызметтер көрсеткені үшін комиссиялық ақы  алмайды, — дейді М.Зайтов.

  • Сұрақ-жауап:

Газетіміздің өткен санында БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін ақша алуға қатысты мақала жариялаған едік. Осы мақаладан соң оқырман тарапынан зейнетақы қорынан алған ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында қалай жұмсауға болатыны туралы сұрақтар келіп түсті. Бұл сұрақтарға «Отбасы банкі»-нің облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің 1-санатты маманы Мақсат Зайтов жауап береді: 

— Зейнетақы қорынан алған ақшаның тек белгілі бір бөлігін үй алуға қолданып, қалғанын сол үйге жөндеу жасау үшін қолдануға бола ма?

— Қазіргі таңда қолдану ережелеріне қол қойылған жоқ. Индустрия және инфрақұрылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі ережені бекіткеннен кейін қабылданады. Бірақ алдын ала ақпаратқа сай, зейнетақы қорындағы қаражат үйге жөндеу жасауға берілмейді. Егер салымшы ол ақшаны бір ғана заем шеңберінде қолданатын болса, яғни сол қаражатқа алынған үйін жөндейтін болса, онда сол қаражатты жұмсауына болады. Яғни үй сатып алу мен жөндеу бір заем шеңберінде жүргізілуі тиіс.

БЖЗҚ-дан алған ақшаны бұрын несиеге алған үйімнің несиесін өтеуге қолдануға бола ма?

— «Отбасы банкінен» бұрын алған ипотекалық заем болса, қарызын толықтай немесе бір бөлігін өтеуге болады. Егер басқа банктен алған несиесі болса, оны «Отбасы банкі» арқылы қайта қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылған.

—  Менің атымда әлі толық аяқталмаған ипотекалық несие бар, алайда БЖЗҚ-дан алатын ақшама басқа үй сатып алғым келеді. Атымда несие болса да, солай жасауыма бола ма? Әлде несиені толық өтеуім керек пе?

— Атыңызда несие болса да, оны толық өтемей-ақ басқа үй сатып алуға болады. Тек алдыңғы заемыңыз төлем қабілеттілігін растауға кедергі келтірмесе болды. Бұл жерде қандай баспана аласыз, соған байланысты. Мәселен, атыңызда үй болғандықтан, мемлекеттік бағдарлама арқылы үй ала алмайсыз. Ал қайталама нарықтан аламын десеңіз, оған ешқандай шектеу жоқ. Тіпті ол үйді несиесіз, қолма-қол ақшаға сатып аламын десеңіз де, құқыңыз бар.

— «Отбасы банкінде» депозитім бар. БЖЗҚ-дан алатын ақшамды сол депозиттегі ақшаға қосып, үй алуыма бола ма?

— «Отбасы банкінде» депозитіңіз болса, зейнетақы қорынан алған ақшаңызды сол депозитке қосуға болады. Мәселен, депозитіңізде 1 миллион теңгеңіз болса, зейнетақы қорынан 1 миллион теңге алатын болсаңыз, екеуін қосып, 2 миллион теңгені бастапқы жарна ретінде пайдалануға болады. Ал «ақшам депозитте жата берсін» деуге болмайды, себебі зейнетақы қорынан алынған ақша 45 күннің ішінде мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. 45 күннің ішінде қолданылмаса, ол кейін қарай қорға қайтарылады.

БЖЗҚ-дан алатын ақшамның жартысын емге, жартысын пәтер алуға жұмсауыма бола ма? Әлде тек бір мақсатқа ғана жұмсау керек пе?

— Бұл сұраққа әзірге нақты жауап бере алмаймын. Ереже нақты бекітілгесін белгілі болады.

— Менің де, жолдасымның да зейнетақы қорындағы ақшасы жекелей алғанде «шекті мөлшерден» аспайды. Екеуміздің зейнетақы қорындағы ақшамызды біріктіруге бола ма? Әлде әрбір адамның зейнетақы қорындағы ақшасы «шекті мөлшерден» асуы керек пе?

— Жоқ, «шекті мөлшерден» аспайтын болса, зейнетақы қорындағы ақшаны ала алмайсыз.

— Бір отбасындағы бірнеше адамның зейнетақы қорындағы «шекті мөлшерден» асатын ақшасын алып, қосып, бір пәтер алуға бола ма? Бұл ретте қандай құжаттар қажет болады?

— Зейнетақы қорынан алған ақшаны жақын туысына табыстауға болады. Яғни ерлі-зайыптылар, ата-аналары, туған бауырларына тікелей табыстауға болады. Қайта табыстау қарастырылмаған. Мәселен, мен өз әйелімнің зейнетақы қорындағы ақшаны өзіме алуыма болады. Бірақ оны алып, өзімнің ақшамды қосып, әке-шешеме, не бауырларыма табыстай алмаймын. Тек бір реттік тікелей  аудару қарастырылған.

Өз атымда ипотекалық несие бар. Зейнетақы қорынан алатын ақшама жаңа үй алғым келеді. Бірақ ол ақша тек үйдің құнының жартысына ғана жетеді. Мен екінші ипотека рәсімдей аламын ба?

— Ешқандай шектеу қойылмайды. Екінші нарықтан кез келген бағадағы үйді алуға болады. Тек төлем қабілеттілігіңізді растай алсаңыз болғаны.

— Зейнетақы қорынан алған ақшама үй алып, «Отбасы банкінен» сол үйді жөндеуге аз пайызбен ақша алуға бола ма?

— Зейнетақы қорынан алған ақшаға үй алып, «Отбасы банкінен» сол үйді жөндеу үшін пайызбен ақша алуға болады. Ол үшін банктегі өз депозитіңізді қолдануға болады. Алайда жөндеу жұмыстары үшін зейнетақы қорынан алған ақшаңызды қолдануға болмайды.

— Егер мен зейнетақы қорынан алған ақшамды 45 күннің ішінде мақсатты түрде жұмсай алмаған болсам, ақшам қайтадан қорға түсетінін оқыдым. Кейін сол ақшаны қайтадан алуыма бола ма?

— Егер 45 күннің ішінде ақшаны тиісті мақсатта қолданып үлгермесеңіз, ол ақша кейін қайтарылады. Одан соң белгілі бір мерзім өткеннен кейін (ол ереже бекітілгеннен кейін белгілі болады) оны қайтадан алуға болады. Бұған шектеу болмауға тиіс.

— Зейнетақы қорындағы ақшамды алғаннан кейін, бір жылдан кейін «шекті мөлшерден» асатын ақшаны тағы да алуға бола ма?

— Алдын ала ақпаратқа сай, алуға болады. Шектеу жоқ. Ол да кейін нақты белгілі болады.

— БЖЗҚ-дан алған ақшаға бастапқы нарықтан ғана үй алу керек пе? Әлде екінші нарықтағы пәтерлерді, жер үйлерді де алуға бола ма? Жер алып, үй салуға бола ма?

— Болады. Оған шектеу жоқ.

— БЖЗҚ-дан алған ақшама басқа облыстан үй алуға бола ма?

— Бұл сұраққа да нақты жауап бере алмаймын. Бірақ алдын ала ақпарат бойынша шектеу болмауға тиіс.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button