АуылБасты жаңалықтар

Шалғайдағы шаруалар

Бүгінде ырғыздық шаруалар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, цех ашып, ет бағытындағы ірі қара санын көбейтуде. Елді мекендерде мал шаруашылығын дамытумен қатар, мәдени-рухани бағыттағы бірқатар жобалар да жүзеге асырылуда. Осы орайда өткен аптада Ырғыз ауылында орталық мешіт қалыпқа келтіріліп, пайдалануға берілді.

Бағдарлама жемісі

Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

Арман Нұрекешовтің айтуынша, өткен жылы ауданда «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 4 жоба жүзеге асырылған. Атап айтсақ, аудандағы «Наурыз СИМ» ЖШС 40,0 млн теңгеге балық өңдеу цехын іске қосса, жеке кәсіпкер Адия Шыма  құс шаруашылығын қолға алған. Сондай-ақ кәсіпкер Әбіш Саламат сыртқы жарнама қызметін дамыту үшін 4,6 млн теңге несие алса, Гүлсая Ақшабаева балық шаруашылығын дамыту үшін 5,0 млн теңге мемлекеттік грантқа ие болған.

— «Сыбаға» бағдарламасымен Ырғыз ауылдық округіне қарасты «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30,0 миллион теңгеге 100 бас ірі қара сатып алса, «Елшіхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ырғыз КС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 40 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара сатып алу үшін 15,0 миллион теңге несие алды. Сондай-ақ Тәуіп ауылдық округіне қарасты «Қазбек» шаруа қожалығы аудан орталығында орналасқан «Ырғыз КС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 125 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара сатып алу үшін 35,0 миллион теңге, Қызылжар ауылдық округіне қарасты «Ай-Мар» шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 125 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара сатып алу үшін 50,0 миллион теңге несие рәсімдеді. Ал Нұра ауылдық округіне қарасты «Бақ-Құт» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 100 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара сатып алды, — дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, ауданда биылғы мал қыстату кезеңіне 221 297 тонна мал азығы дайындалған. Округтердегі шаруалар мал азығын дайындау үшін өткен жылы 18 жаңа трактор сатып алған. Осылайша шаруа қожалықтары ауылдардағы тұрғындарды мал азығымен толықтай қамтамасыз етіп отыр.

Айта кету керек, бүгінде ауданда 223 шаруа қожалығы, 16 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 өндірістік кооператив, сондай-ақ 9 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.

Жылдық қуат — 100 тонна балық

Бүгінгі күні Нұра ауылында «Ырғыз-Нұра» балық өңдеу цехы жұмыс жасауда. Жаңадан ашылған цех барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Қазір мұнда 7 адам жұмыс істейді. Барлығы — Нұра ауылының тұрғындары.

Цехты ырғыздық кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаев ашқан. Көп жылдан бері ауданда мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер өткен жылдан бастап балық өңдеу ісін қолға алған.

 

Бүгінгі күні цехта балықты қайта өңдеп, фарш шығарып жатырмыз. Ақтөбе қаласынан сауда нүктесін алып, өнімімізді қала тұрғындарына ұсынудамыз. Сондай-ақ аудан орталығындағы «Наурыз» дүкеніне де қойылды. Жалпы өңдеу цехының жылдық қуаты — 100 тонна. Бүгінге дейін 4 тонна өнім өндірілді. Цехқа балықты табиғат пайдаланушылар Қармақкөл, Мамыркөл көлдерінен аулап, тапсырады. Сонымен қатар өзіміз «Малайдар» көлдер жүйесіндегі Тайпақ, Асабай көлдерінен аулаймыз, — дейді кәсіпкер.

Малы көп «Мадияр»

Тәуіп ауылдық округіндегі «Мадияр» шаруа қожалығы 2013 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Шаруашылық басшысы Сәкен Жәкешовтің айтуынша, бүгінде қожалықта 300 аналық ірі қара, 270 жылқы бар. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысынан 150 бас қалмақ тұқымды сиыр, Атырау облысынан 6 бұқа сатып алған.  Шаруа аталған бағдарлама арқылы 10 жылға 70 млн теңге несие алған.

Біздің шаруашылығымыз ауылдан 35 шақырым қашықтықта Айманбет деп аталатын жерде орналасқан. Мұнда жарық та, су да бар. 2017-2018 жылдары мемлекет тарапынан жеңілдікпен баз маңынан ұңғыма қазып алдық. Ал жарықты күн батареясы арқылы алып отырмыз. Қазіргі таңда қожалықта 7 адам жұмыс істейді. Шаруашылықта 2 трактор, шөп шабатын барлық құрал-жабдықтар бар. Малшылар қысы-жазы базда мал бағады. Оларға барлық жағдай жасалған, — дейді шаруа.

Сәкен Жәкешов бұған дейін, дәлірек айтсақ, 2014-2015 жылдары «Құлан» бағдарламасы арқылы жергілікті жерден 15 млн теңгеге 52 бас жылқы сатып алған. Сондай-ақ 2016 жылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 6,7 млн теңге несие алып, мал шаруашылығын дамытуға күш салған.

Бүгінгі күні шаруашылық ет бағытындағы ірі қара санын көбейтуде. Өткен жылы шаруа Хромтау ауданындағы «Жантізер» шаруа қожалығына ет бағытында ондаған бас ірі қара тапсырыпты. Ал өткен жылдың аяғында жем-шөпке, сондай-ақ ірі қара мен жылқы басына мемлекеттен субсидия алған.

— Қазіргі таңда қожалықта 7 мың гектар шалғындық және жайылымдық жер бар. Биыл ауылды түгел жем-шөппен қамтамасыз еттік. Ендігі бір мәселе — жаз айларындағы су мәселесі. Себебі ауылдағы шаруалардың көбі судан қиындық көріп отыр. Жазда біздің малымызға су жетпейді, ұңғыманың суы жеткіліксіз. Ал округ территориясындағы резарваттың жеріне рұқсатсыз кіре алмаймыз. Сондықтан бізге жаз айларында өзектің бойынан мал суаруға жағдай жасаса жақсы болар еді. Сондай-ақ алдағы уақытта ауылымызға көгілдір отын келсе деген тілегіміз бар, — дейді қожалық басшысы.

Орталық мешіт қалыпқа келтірілді

Өткен аптада Ырғыз ауылындағы орталық мешіт пайдалануға берілді. Ырғыздықтардың өзара ауызбіршілігі мен ұйымшылдығының арқасында қайта жаңарту жұмыстары жүргізілген мешіт бүгінде жаңа кейіпке енген. Күзде басталған құрылыс жұмыстары қаңтар айының басында толықтай аяқталды.

Ең алғаш рет 1992 жылы қыркүйек айында ашылған бұл мешітке бүгінге дейін толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Осыны ескерген ырғыздық кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар бастама көтеріп, өткен жылы күзде мешітті қайта жаңарту жұмыстары басталды.

Бүгінгі күні мешіттің іші мен сыртқы қасбеті жаңартылып, білім алатын орны, ерлер мен әйелдер бөлмесі, асханасы толықтай күрделі жөндеуден өткен. Жылы еден төселіп,  заманауи жабдықтармен қамтылған.

Орталық мешітті жөндеуге Қ.Әбдірахманов, Х.Өтеуов, И.Сәрсенбаев,  М.Қырбаев, Д.Елікұлы, М.Есболғанов, Ғ.Қыдыралин, Д.Күшенов, Ә.Тұяқбаев, Г.Бисенова бастаған белсенді азаматтар мен кәсіпкерлер, сондай-ақ Шоқпаровтар отбасы, «Құлагер», «Жақсылық» сауда орындары, ардагерлер үйі, аналар кеңесі, аудандық білім бөлімі, мәдениет және спорт саласының мамандары мен осы өңірден шыққан түлектер атсалысқан.

Осылардың ішінде мешітті жөндеу жұмысына ерекше үлес қосқандардың бірі — жергілікті кәсіпкер Гүлмира Бисенова. Ол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмысшыларға жағдай жасап, құрылыстың басы-қасында жүрген.

Бастапқыда мешіттің тек төбесін ашып, қайта жабамыз деп ойладық. Бұл бастаманы Нұра өңірінен шыққан кәсіпкер Қайрат Әбдірахманов құптап, 7 миллион теңге шамасында қомақты қаражат аударды. Кейін өзіміз бастама көтеріп, аудан тұрғындары мен осы өңірден шыққан азаматтардың қолдауымен есепшот ашып, қаражат жинадық. Бұл игі істі мешітіміздің бұрынғы имамы да қолдады. Бұл жерде осындай қайырымды істің басында жүрген мешітіміздің бұрынғы имамы Әділбек Тұяқбаевтың да еңбегі зор екенін айта кету керек. Сондай-ақ аудандағы барлық белсенді азаматтар мен түлектерге ерекше алғысымызды айтамыз, — дейді ол.

Айта кету керек, мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы Төлеби Оспан мен аудан әкімі Әділгерей Әуелбаев, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.

Жайсаңбайға ұялы байланыс келді

Соңғы жылдары Ырғыз ауданының бірқатар елді мекендеріне ұялы байланыс қызметі мен интернет желісі орнатылуда. Жуырда аудан орталығынан шалғай жатқан Жайсаңбай ауылына ұялы байланыс жеткізілді. Қазір ауылда Kcell байланыс операторының қызметі жұмыс жасап тұр. Тұрғындар 3G қызметтер жиынтығын пайдалануда.

Алдағы уақытта аудандағы барлық ауылдарды ұялы байланыспен және интернет желісімен қамту қолға алынбақ.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button