Жастар

Абайдың әніне бейнебаян түсірді

Жуырда жас талапкер Мирас Абди Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның әніне бейнебаян түсірді.

Бейнебаян табиғаты әсем Қарғалы ауданында түсірілген. Өнерлі жас ұлы ақынның 1889 жылы жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» атты әнін таңдап алыпты.

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әні — сүйген жарынан айырылып, алыста қалған жігіттің зарығып айтқан сағынышын білдіретін махаббат лирикасы. Бұл туынды өзіме қатты ұнады. Абай атамыздың мерейтойында осы әнді орындап, бейнебаян түсіруді мақсат еттім. Бұл бейнебаянды түсіруге Ербол Теңілбаев пен Шоқан Адай көп еңбек етті. Жалпы, Абай атамыздың әндерін орындау — мен үшін зор мақтаныш, — дейді Мирас.
Кішкентай кезінен өнерге жақын боп өскен талантты жас бұған дейін көптеген халықаралық және республикалық байқауларда жеңімпаз атанған. Атап айтсақ, ол 2013 жылы Австрияның Вена қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған халықаралық байқауда І дәрежелі лауреат атанса, Чехияның Прага қаласында өткен өнер фестивалінде арнайы дипломмен марапатталған. Сондай-ақ 2016 жылы «Галактика талантов» атты халықаралық фестивальде І дәрежелі дипломға ие болған. Ал 2019 жылы Түркия мемлекетінде өткен «Global art Competition» өнер байқауында Гран-При иегері атанды.

Мирас — А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің түлегі. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық өнер университетінде «академиялық вокал» мамандығында білім алуда.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button