Басты бет » Басты жаңалықтар » Covid-19 қаупі әлі сейілген жоқ, арқаны кеңге салуға болмайды

Covid-19 қаупі әлі сейілген жоқ, арқаны кеңге салуға болмайды

Облыс басшысы Оңдасын Оразалинның төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Оның айтуынша, 6 қазаннан бастап «Жайсаң» және «Әлімбет» көлік бекеттері, әуе қатынасы арқылы 65 мыңнан астам адам келіп, олардың 5892-сінде ПТР-тестінің нәтижесі болмай, карантиндік стационарларға жатқызылған. 47 адамнан коронавирус індеті анықталды.

КВИ-дің болуы мүмкін екінші толқынына дайындалу мақсатында өңірде барлық шаралар қабылданды: қажет болған жағдайда кереует орны 445-тен 3603-ке дейін артатын болады, 2895 орын немесе 80,3%-ы оттегімен қамтылған. Медициналық мекемелерде 21 стационарлық рентген аппараты орнатылды, өкпені жасанды желдететін 367 аппарат, 582 оттегі концентраты, 626 оттегі баллоны, 787 Бобров аппараты мен 461 оттегі жастығы бар. Жедел жәрдем бекеті мен емдеу мекемелерінің автопаркі 41 санитарлық машинамен толықты, 6 мобильді диагностикалық кешен сатып алынды, дәрілік және жеке қорғаныс заттарының екі айлық кешені жасақталды.

Бүгінде 47 бақылау тобы 29200 нысанды қамтып, 9195 рейд жүргізді, 1842 адам әкімшілік жазаға тартылып, 177,6 миллион теңгеге айыппұл салынды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі: «Біздің облыс «жасыл аймақта» тұр, бірақ өңірдегі тұрақты жағдайға қарамастан, коронавирус инфекциясының көрші облыстар мен Ресей Федерациясынан келу қаупі бар. Оның үстіне біздің өңір арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр. COVID-19 қаупі әлі сейілген жоқ, сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. Коронавирус инфекциясына қарсы екпеге қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бірінші кезеңде біздің облыста медициналық қызметкерлерді, мұғалімдерді, күштік құрылым қызметкерлерін қосқанда тұрғындардың ауруға тез шалдығатын тобын, яғни жалпы алғанда 150 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бақылау топтары өз жұмысын жалғастыруы керек», — деп тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.