Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде ахуалдық орталық ашылды

Ақтөбеде ахуалдық орталық ашылды

Жоба

Ақтөбеде жұртшылықтың туындаған мәселелерін жедел түрде шешетін және оның орындалуын бақылауға алып, мониторинг жасайтын ахуалдық орталық жұмысын бастады.

Елімізде алғаш қабылданып жатқан сандық платформа жөнінде облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Сергей Беккер былай түсіндіреді:

Бұл жоба өңірді трансформациялау бойынша облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен қолға алынды. Ахуалдық орталық АҚШ-тағы 911 қызметі негізінде құрылған. Бұған қосымша көптеген қызметтер де енгізілді.  Тәулік бойы жұмыс жасайтын орталықтың жұмысына трансформациялау тобында болған қаланың белсенді тұрғындары тартылды. Олардың көмегімен облыстағы негізгі проблемалық мәселелерді анықтадық. Ол үшін «Зерде» холдингімен бірлесіп, жобаны цифрландырдық: электрондық үкіметтің архитектурасы жасалып, цифрландыру мен электрондық мәліметтердің базасын жасақтау жұмыстары кең көлемде жүргізілді.

Ахуалдық орталық — кез келген жағдайды алдын ала біліп, соған сай әрекет ететін  және өңірді бір орталықтан басқаруға бағытталған бірегей жоба. Қазір барлық нысандарды құжаттап, есепке алу жұмыстары басталды. Осылайша басты міндеттер — қалалық инфрақұрылымның негізгі нысандарын проактивті басқару және алдын ала қызмет көрсету шешімін табады.

Егер түсінікті тілмен айтатын болсақ, бұл цифрлық платформа Open Aqtobe негізінде қызмет ететін болады. Кез келген ақтөбелік осы қосымшаны жүктеп алып, өңірдегі шешімін таппай жүрген мәселелерді талқылап, сауал қойып және ұсыныстарын енгізе алады. Ол үшін ресурсқа тіркелу керек, содан соң орталықтың жұмысына белсенді түрде қатыса алады.

Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары сол мезетте біздің диспетчерлердің мониторында көрінеді. Әрі қарай біз жасақтаған мердігерлердің жұмысын қадағалау жөніндегі жүйе күшіне  енеді. Өтінішті қабылдаған диспетчер оның дұрыстығын тексеріп, арнайы карта бойынша учаскеге жауапты мердігерді табады. Өзінің смартфонына тапсырманы қабылдап алған мердігер оның орындалғаны туралы сурет-есеп жібереді. Диспетчер орындалғанын тағы тексеріп, тапсырманы тиянақтайды және арызданған азаматқа есеп береді, — дейді басқарма басшысы Сергей Беккер.

Сергей Беккер атап көрсеткендей, бұл сандық платформамен Дүниежүзілік банк өкілдері танысқан. Қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Тағы бір ерекшелігі, платформаға әлі салынбаған Батыс-3 ауданының барлық архитектуралық және инженерлік жүйесімен бірге  3D моделі енгізілген. Орталық жедел жәрдем қызметінің жұмыстарын жеңілдетуге көп септігін тигізеді.

Сондай-ақ өрт сөндірушілердің су алатын гидранттарының дәл қай жерде орналасқанын көрсететін паспорттарын енгізу жоспарланған. Орталықта экология, ауа райы болжамы, ауаның ластануы туралы мәліметтер бір жерге жиналады. Тұрғын үй шаруашылығы жұмысының мониторингі, қыс кезінде жылынатын орындар, тіпті жанар-жағармай бекеттерінде жанармайдың бар немесе жоқтығын да біле алатын ақпараттар ала аласыз.

Жобаның жұмысы әлі жалғасуда. Ол тоқтамайды. Жалпы, қаланың «цифрлық сыңарын» жасау қажет. Пилотсыз техника лабораториясын ашу ойымызда бар. Бұған тәжірибеміз де жетеді. Мысалы  -35 градуста қала үстінен ұшып өтіп, қай жерде жылудың бос шығып жатқанын анықтай аламыз. Су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар мамандарына көмек береміз. Жалпы, орталық «ақылды қаланың» эталондық стандарты аясында құрылымдалған, — дейді С.Беккер.

Орталықта барлық саланың жұмыстары талданады. Ең ақыры, диспетчер қар шығарып жатқан әрбір техниканы, кәріз жүйесінің әр құдығын, қысқасы басқа да инфрақұрылым нысандарын көре алады. Бұл оқыс жағдай туындаған кезде дер кезінде алдын алып, жұмысты тез орындап, қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Орталықта облыстық басқарма мен департамент өкілдері, прокуратура мен полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.

Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін 1300 нөмірі арқылы байланыс орталығы құрылды, оған кез келген сауалды жолдауға болады. Егер қажеттілік туындаса, сұрақтар сала бойынша жолданады, сол сәтте толық жауап беріледі. Ахуалдық орталықтың тұрғындар үшін де, қызмет көрсету орындары үшін де пайдасы өте зор болмақ. Өйткені мұндағы қызмет кез келген жағдайды шешу үшін  жедел әрекет етеді.

Айтпақшы, орталық кәсіби диспетчерлерді жұмысқа қабылдайды. Қазірдің өзінде ГИС-жүйесінің инженерлері қажет. Орталықта психолог мамандарына да сұраныс бар. Түйіндемені Open Aqtobe қосымшасында Халықтық бақылау тетігі арқылы беруге болады.

Самат НАРЕГЕЕВ.