Жаңалықтар

«Алаң» базары өртенді

Жағдай қатаң бақылауда

16 қаңтарда таңғы сағат бестен өте Қандыағаш қаласы «Жастық» шағын ауданындағы «Алаң» базары өртеніп, біраз жұртты әбігерге салды.

Өрт шыққан бойда базар аумағын Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қоршауға алса, ақпарат түскен сәтте оқиға орнына жедел жеткен Қандыағаш қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тілсіз жаумен алысты. Атап айтсақ, өрт сөндіруге Мұғалжар ауданының ПЧ8 бөлімінен 3 өрт сөндіру көлігі мен 18 қызметкері, сондай-ақ «Вернал Ойл» ЖШС, Алға ауданындағы бөлімінің өрт сөндіру көлігі мен 5 қызметкері, Ақтөбе қаласынан келген 2 көлік пен 9 қызметкер және «Коммунальщик» мекемесінің техникалары жұмылдырылды. Мамандардың айтуынша, базардың 700 шаршы метрдей аумағы өртеніпті.

Облыс әкімі О.Оразалин жергілікті әкімдікке, облыстық құқық қорғау, төтенше жағдай басқармаларына оқиғаға байланысты жағдайды қатаң бақылауға алып, тиісті шаралар қабылдауға тапсырма берді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев оқиға орнына келіп, жағдаймен танысып, мәселені өз бақылауына алды.

Төтенше жағдайға байланысты аудан әкімдігінде Мұғалжар ауданының әкімі А. Шериязданов, Мұғалжар аудандық мәслихатының хатшысы Р.Мусенова, Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің бастығы З.Кунбасов «Алаң» базарында жұмыс жасайтын жеке кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуге өрт салдарынан зардап шеккен 62 жеке кәсіпкердің 40-ы және «Алаң» базары әкімшілігінің өкілдері А.Ертасов, В.Артығалиева қатысты.
Өрт салдарын жою мақсатында Мұғалжар ауданы әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылып, оған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Мұғалжар аудандық филиалы, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері енгізілді. Зардап шеккен жеке кәсіпкерлердің арасынан 5 адамнан тұратын бастамашыл топ атқарылған іс-шаралармен танысып, олармен тығыз байланыста болады. Өртенген ғимаратты қалыпқа келтіргенше жеке кәсіпкерлерге «Алаң» базары маңындағы ғимараттан тегін орындар, Қандыағаш қаласындағы басқа да сауда үйлерінен бос орындар ұсынылады.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету мақсатында 62 жеке кәсіпкердің тізімі жасақталып, олардың әлеуметтік мәртебесі (көпбалалы ана, жалғызбасты ана, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және т.б.), сондай-ақ әрқайсысының шығын мөлшері анықталуда. Жиналыс барысында аудан әкімі жеке кәсіпкерлердің пікірлері мен ұсыныстарын жан-жақты тыңдады. Арнайы құрылған жұмыс тобының қорытындысы бойынша нақты шаралар қабылданады.

Қазіргі таңда полиция бөлімі төтенше жағдайға байланысты тергеу амалдарын жүргізіп, қылмыстық іс қозғады.

Жандос АБАЙҰЛЫ,

Мұғалжар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button