Жаңалықтар

Бір күнде 21 адам коронавирусқа шалдықты

Брифинг

17 қаңтар күні облыста коронавирус жұқтырған 21 адам тіркелді. Оның он екісі Ақтөбе қаласынан болса, алтауы —  Мұғалжар, үшеуі Мәртөк ауданынан тіркеліп отыр. Науқастардың 14-інде   ауру белгісі байқалмаған. Аурушаңдықтың тәуліктік өсу деңгейі 0,6%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Мұхтар Сербаев тұрғындардың босаңсуына болмайтынын айтты. Себебі еліміздің бірқатар өңірлері қызыл аймаққа енген. Сондай-ақ санитарлық талапты сақтамағандарға айыппұл салынып жатқанын айтты. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша заң бұзғандарға 177 567 116 теңге көлемінде  1310  айыппұл салынған. Координациялық орталықтар арқылы түскен хабарламалар негізінде жоспардан тыс 26 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 25 объектіге  5 599 755  теңге көлемінде айыппұл салынған. Шекара бекеттері де бақылауда. Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданындағы «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы 20 472, «Жайсаң» бекеті арқылы 42 133  адам өткен. Оның ішінде 47 адамнан коронавирус анықталды. 26 адам — транзиттік көліктердің жүргізушілері. Ал 21 адам — жолаушы.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыстың стационарларында коронавирусқа шалдыққан 108 адам ем қабылдауда. 37 адам инфекциялық стационарда жатыр. Бір науқас жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Карантиндік стационарда 60 адам бақылауға алынған.

— Қазір тұмаудың да өршитін кезі. Қандай да бір жедел респираторлы вирусты инфекцияның белгісі байқалса, дереу дәрігер шақырту керек. Әсіресе, жасы алпыстан асқандар сыртқа себепсіз шықпағаны жөн. Қант диабеті, қан қысымы бар адамдар барынша сақтанып жүргені дұрыс, — деді Бекболат Ізбасаров.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3819 адам  тіркелді, оның 49,9%-ы ауру белгілерімен  және  50%-ы симптомсыз  жағдай. 3662  науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2712 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 103,  Байғанин — 58, Ырғыз — 54,  Қобда — 15, Қарғалы — 59, Мәртөк — 146, Мұғалжар — 189, Темір — 197, Ойыл — 21, Хромтау — 131, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3819  науқастың 3,5%-ы сырттан келген. 565 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1052.  Қазіргі таңда үй карантиніне 315 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button