Әкімдер есебі

Есеп берілді, тұрғындар тілегі тыңдалды

Дүйсенбі күні Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Дариға Исмағамбетованың тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысы өтті.

Өткен жылы Астана ауданы бойынша құжатайналым 4623 бірлікті құраған. Жеке және заңды тұлғалардан 171 өтініш тіркеліп, 25 азамат аудан әкімінің жеке қабылдауында болыпты.

2020 жыл барлығымыз үшін үлкен сынақ болып, коронавирус пандемиясы өміріміздегі басымдықтарды өзгерткенін айтқан аудан әкімі тұрғындар алдында жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді. Алдымен ауданның тазалығы мен абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан аумағында қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоқыс шығару жұмыстарымен «NEO PLUS» ЖШС айналысады. Аудан бойынша 190 контейнерлік алаң және 1348 контейнер орналасқан. 2020 жылы тағы 60 контейнер қондырылған.

Бүгінгі күні Астана ауданы аумағында 294 балалар алаңы орнатылған, оның 219-ы қанағаттанарлық жағдайда, 75-і  жөндеуді қажет етеді. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 72 балалар алаңы, 39 спорт алаңы және 4 футбол алаңы орнатылды. Өткен жылы аудан аумағында жаяу жүргіншілерге жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолдары салыныпты.

Аудан бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында да бірқатар нақты жұмыстар жасалыпты.

Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4 елді мекендерін электр желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Ал Думан тұрғын үй алабында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Биыл Жаңақоныс-5, Парасат, Бауырластар-5 елді мекендеріне электр желісін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құрылыс жұмыстарын 2021-2022 жылдары бастау жоспарланған. Ал Шестихатка тұрғын үй алабында 108 темірбетон тірек орнатылды, ағымдағы жылы электр сымдарының желісін тартуды жоспарлап отырмыз.  Сондай-ақ Думан, Бауырластар-3, Жаңатұрмыс тұрғын үй алаптарында газбен жабдықтау жобасы жүзеге асырылды, Жаңақоныс-3,4, Парасат тұрғын үй алаптарына газбен жабдықтау жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленді, ағымдағы жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр, — деген аудан әкімі  «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарлама аясында 14 жоба іске асырылғанын айтты.

Ауданда 50 мыңға жуық оқушы оқитын 42 жалпы білім беретін орта мектеп жұмыс істейді. Биыл 2 мектепке ағымдағы жөндеу, 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қашықтан оқытуға байланысты Құрашасай, Жаңақоныс, Жаңақоныс-2 тұрғын үй алаптарын ғаламтор желісімен  қамтамасыз  ету бойынша байланыс операторларымен бірлесіп  жұмыстар жүргізілді.

Жиында сұрақ-жауап кезегі келгенде тұрғындар қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру, тазалық мәселелерін көтерді.

Шестихатка тұрғын үй алабының ар жағында тұрамыз. 2013 жылдан бастап құрылыс жұмыстары басталды. Бүгінде  300-ге жуық үй бар. Өзіміз «Теректі» деп атап жүрміз. Біраз шаруаларды өзіміз атқарып алғанымызбен, әлі де бірақатар шешімін қажет ететін мәселелер бар. Ауылға автобус қажет. Қатынас қиын. Сондай-ақ балабақша мен мектеп мәселесін де қарасаңыздар жақсы болар еді, — деді тұрғындар атынан сөйлеген Жылқаман есімді тұрғын. Ал аталған елді мекеннің Гүлжайна есімді  тұрғыны тұрғын үй алқабына биыл орнатылған бағаналардың талапқа сай келмейтіндігін айтты. Жаңақоныс-2 елді мекенінің тұрғындары су құбырлары тартылғанымен, судың келуі тым жай екенін айтты.

Тұрғындардың қойған барлық сұрақтарына жиын барысында нақты жауаптар берілді. Есепті жиында сөз алған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров аудан аумағында әлі де атқарылатын жұмыстар барын, тұрғындардың айтылған барлық ұсыныс-пікірлері орынды екенін айтты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button