Әкімдер есебі

Округтерді аралап, мәселені саралап…

Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шерияздановтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері басталды.

Биылғы есеп беру кездесуінде Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шериязданов Батпақкөл, Құмжарған ауылдық, Жем қалалық округтерінің тұрғындарына 2020 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылған жұмыстарды жеткізіп, алда тұрған міндеттермен бөлісті. Есеп беру кездесулері сантитарлық талаптарға сай өткізілді. Жағабұлақ Мәдениет үйінде өткен кездесуде ауыл әкімі Мейрамбек Боқашев округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында былтыр атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Ал аудан әкімі өзінің есебінде Батпақкөл ауылдық округінде 2020 жылы оң істердің атқарылғандығын айтып, аудан бойынша бірқатар салалардың негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.

Кездесуде Ембі-Покровка тасжолының сапасыздығы, Жағабұлақ ауылына жаңа балабақша салу, Жағабұлақ ауылдық медициналық пункттің тарлығы, Батпақкөл ауылдық округінің экологиялық жағдайы, Жем өзенінің тартылуы сынды елдік мәселелер сөз болды.

Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі Құмжарған ауылдық округінде жалғасты. Құмжарған ауылдық округінің әкімі Серғали Мамытов округтегі әлеуметтің әлеуетін арттырып, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмыстарға тоқталып, тұрғындарға есеп берді. Бірлік ауылында өткен кездесуде тұрғындарды округтегі шабындық жерлердің жоқтығы, соңғы кездері мал ұрлығының жиі орын алуы алаңдататындықтарын жеткізді.

Жем қаласында өткен есепті кездесуде аудан әкімі А.Шериязданов пен Жем қаласының әкімі Ж.Бисенов тұрғындар алдында есебін берді. Аудан басшысы қала тұрғындарымен болған кездесуде аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жем қаласының тұрғындары қаланың статусы ауыл статусына ауысуына қарсылықтарын білдірді. Өз сөзінде аудан әкімі Жем қаласы тұрғындарының саны аудандағы бірқататар ауылдық округтердің тұрғындары санынан төмендігін айтып, ауыл статусына көшкен жағдайдағы айырмашылықтарына кеңінен тоқталып өтті.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов Батпақкөл, Құмжарған ауылдық, Жем қалалық округтеріндегі кездесулерде тұрғындардың елдік мәселелерді сөз еткен сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Мұғалжар ауданы әкімі Асқар Шерияздановтың тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері Қайыңды мен Мұғалжар ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

Тұрғындармен болған кездесулерде Қайыңды ауылдық округінің әкімі Ғалым Дәрімбетов пен Мұғалжар ауылдық округінің әкімі Бақытқали Нағыметов 2020 жылы округтердегі атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алтынды ауылының тұрғындарын мектептің жоқтығы алаңдатады. Қазіргі таңда Алтынды орта мектебінің оқушылары «АltynEx company» мекемесінің ғимаратында білім алуда. Ауылдағы білім ордасының апатты деп танылуына байланысты 60 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, қаражат бөлінуіне сұраныс берілді.

Мұғалжар ауылының басты проблемасы — электр жарығының үнемі өшуі жəне газ мəселесі. Кездесуге қатысқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Қойшекенов электр жүйесінің нашарлығына байланысты арнайы жоба жасалынып, ретке келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп отырғанын, көгілдір отын мәселесіне қатысты Ембі қаласынан Мұғалжар ауылына тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалардың қайта жинақталып жатқанын жеткізді.

Қайыңды мен Мұғалжар ауылдарында өткен есеп беру кездесулерінде аудан әкімі Асқар Шериязданов ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.

Есеп беру кездесулері округтердің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы тікелей эфирде және сантитарлық талаптарға сай өткізілді.

Ал Ембі қаласының әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Аудан әкімі Асқар Шериязданов Ембі қаласында бос тұрған 90 пәтерлі және 45 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін,  Ж.Тлепбергенов көшесі жөнделетіндігін, «Қазақстан» шағын ауданында 320 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатындығын, биотазарту орталығының құрылыс жұмыстары биыл аяқталатындығын жеткізді. Сонымен қатар Ембі қалалық орталық стадионының маңынан «Samruk-Kazyna» акционерлік қорының демеушілігімен қазіргі заманғы ойын алаңының құрылыс жұмыстары басталатынын айтты.⠀⠀

Кездесу соңында әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы тікелей эфирде тыңдаған қала тұрғындары Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбайға

сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын алды. Ембі қаласында өткен аудан әкімінің есепті кездесуін 464 тұрғын әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы тікелей эфирден тыңдады.⠀⠀⠀

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button