Мәдениет

Димаштың алғашқы онлайн-концерті өтті

Өткен сенбі күні жерлесіміз, танымал әнші Димаш Құдайберген өзінің алғашқы онлайн-концертін өткізді. Пандемия кезіндегі концерт «Dimash digital show» деп аталды.

dimashnews.com сайтының хабарлауынша, шоу барысында Димаш 6 тілде — қазақ, итальян, француз, қытай, ағылшын және орыс тілдерінде ән салған. Туындылардың арасында жаңа, кеш иесінің өзі жазған композициялар да бар.

Онлайн формат әлемнің түкпір-түкпіріндегі жұртшылыққа Димаштың концертін үйден шықпай-ақ тамашалауға мүмкіндік берді. Жоғарыда аталған сайт концертті әлемнің 100-ден астам елдің тұрғындары көрді деп жазды. Tixr америкалық стримингтік платформасы өкілдерінің айтуынша, алғаш рет шетелдік орындаушының концертіне билеттер осындай жоғары көрсеткішпен сатылған.

Менің алғашқы онлайн-концертіме қатысып, қолдау көрсеткендердің барлығына үлкен рақмет! Пандемия бізді ұзақ уақыт бойы жүздестірмегені өте өкінішті. Бүгін сіздердің алдарыңызда өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Мен сіздерді көрмесем де, жаным барлық қолдауларыңызды сезінді.  Сіздер әрқашан мені шабыттандырасыздар және жаңа жетістіктерге күш бересіздер! Бүгінгі шоуды толық тамашаладыңыздар деген сенімдемін. Біз сіздермен өте жақын арада кездесеміз деп үміттенемін, — деді Димаш.

Димаштың онлайн-концертін 16-23 қаңтар күндері аралығында шектеусіз көруге болады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button