Мәдениет

«Ер Қармыс» кітабының тұсауы кесілді

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Қалнияз Шопықұлының «Ер Қармыс» кітабының тұсаукесері өтті.

Аталған шараға «Банк Центр Кредит» АҚ департамент директоры Нұргүл Бимағамбетова, идея авторы Сандуғаш Тағабергенова, тарихшы Айшуақ Дәрменов, кітапхана қызметкерлері, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның оқушылары қатысты.

Басқосуда идея авторы Сандуғаш Тағабергенова қазақ батырының кейпі мен тарихын жан-жақты ашып көрсету үшін екі жыл бойы тарихи зерттеу жүргізгенін, зерттеу жұмыстарын жүргізуге белгілі ақын Светқали Нұржан көмектескенін жеткізді.

Оның айтуынша, аталған кітап өткен жылы қыркүйек айында «Реформа» баспасынан он мың дана болып жарыққа шыққан. Кітапты шығаруға «Банк Центр Кредит» АҚ қаржылай қолдау көрсеткен.

Бұл кітаптың тұсаукесері алғаш рет қыркүйек айында Алматы қаласында өтті. Сол кезеңде біздің банктің «Junior Card» картасы мен «Junior Bank» қосымшасын пайдаланушылар саны 5 мың болғанын хабарлағанбыз. Ал қазіргі таңда олардың саны 30 мыңнан асып отыр.

Айта кету керек, бұл еңбекті біз банктің балаларға арналған білім бағдарламасы аясында шығардық. Қазір «Junior Bank» сервисін елімізде өз бетінше пайдалана алатын балалар саны көбеюде және былтырдан бастап балалар үшін шығарылған карталар саны 6 есеге артты, — дейді «Банк Центр Кредит» АҚ департамент директоры Нұргүл Бимағамбетова.

Шарада тарихшы Айшуақ Дәрменов оқушыларға Қалнияз Шопықұлы туралы мәлімет айтып, дастанның оқиғасына тоқталды.

Оның айтуынша, Қалнияз Шопықұлы — XIX ғасырда жорық жыршысы атанған жауынгер ақындардың бірі. Ол тапқыр да ойлы өлеңдерімен, ауыздан-ауызға көшкен ерлік толғауларымен, «Қырық батыр» жырларын айтып, таратумен ел арасында кеңінен танылған. Ал Қалнияздың әкесі Шопық Доспамбетұлы жас кезінде Еділ, Жайық өзендері арасындағы Нарын құмын мекендеген.

Шарада идея авторы Сандуғаш Тағабергенова мен кітапхана қызметкері Талғат Тілеулесов кітаптың тұсауын кесіп, мектеп оқушыларына сыйлық ретінде үлестірді.

Айта кету керек, Қалнияз жыраудың «Ер Қармыс» еңбегінде Ер Қармыстың батырлық, ерлік оқиғалары баяндалған. 80 беттік, түрлі түсті суреттермен безендірілген кітап мектеп оқушыларына арналған.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button