Мәдениет

Бірлікті ту еткен шара

Облыстық ҚХА жанындағы «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, «Қоғамдық келісім» мекемесі және облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік тірегі — бірлік!» атты мәдени шара өтті.

«30 игі іс» эстафетасының, сондай-ақ жыл бойы өңірімізде өтетін мерейтойлық іс-шаралардың ресми бастамасы ретінде ұйымдастырылған шараға облыстық білім, мәдениет, архивтер және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармаларының өкілдері, этномәдени бірлестік өкілдері мен жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

Жиында көрермендер назарына қазақ халқының Тәуелсіздікке жету жолындағы көрген қиыншылықтары мен жеткен жетістіктерін баяндайтын деректі фильм ұсынылды. Сондай-ақ онда елімізде құрылған бірегей институт — Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстары, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің өмірі баяндалды.

— Бұл шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кеңінен атап өту, егемен еліміздің жеткен жетістіктерін жастарға дәріптеу, ынтымағы жарасқан ұлттар мен ұлыстардың бірлігін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Тәуелсіздікпен бірге сан ғасырлық тарихымыз, мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта түлегені мәлім. Бабалар ерлігімен келген тәуелсіздігімізді баянды ету — бәрімізге міндет, — дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Нұрхан Ағниязов.

Шара барысында ҚХА жанындағы «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбек сөз сөйлеп, аталған кеңестің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Бұдан әрі шара концерттік бағдарламаға ұласып, «Атамекен-Асылым», «Купава» ансамбльдері және «Оксана» халық хоры өнер көрсетті.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button