Жаңалықтар

Полицейлер 6 адамды өрттен құтқарды

Оқиға

Ақтөбе қаласында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция батальонының полицейлері, полиция аға сержанты Камил Бердібаев пен полиция кіші сержанты Берекет Сағынбаев жеке тұрғын үйден шыққан өрттен 6 адамды құтқарып қалды.

Сол күні полицейлер қызмет орнына таксимен келе жатқанда Нариманов көшесі, 27-үйдің маңынан өтіп бара жатып, жеке үйдің өртеніп жатқанын көреді. Таксиден түскен К.Бердібаев пен Б.Сағынбаев дереу өртеніп жатқан үйге қарай бет алады. Келіп жеткен кезде үйдің терезелерінен өрт жалыны шығып, үйдің ішін толығымен түтін жайлағанын көреді. Полиция аға сержанты К.Бердібаев ұялы телефон арқылы 101 нөміріне хабарласып, өрт сөндіру бригадасын шақырады. Олар келіп жеткенге дейін полиция кіші сержанты Б.Сағынбаевпен бірлесіп, жанып жатқан үйден адамдарды құтқарып, шығара бастайды. Олар ең алдымен үйден 40-45 жастағы екі аяғы жоқ мүгедек ер адамды далаға алып шыққан. Қайтадан үйге жүгіріп кіріп, екінші бөлмеден 35-40 жастағы әйелді эвакуациялайды. Полицейлер өртке оранған үйге бірнеше қайтара кіріп, зардап шеккен адамдарды бірінен соң бірін сыртқа шығарып, өмірлеріне араша болды. Өрт сөндірушілер мен жедел-жәрдем бригадасы келіп жеткенге дейін полицейлер 6 тұрғынды өрттен құтқарды. Мамандардың алдын ала болжауынша, өрт шығуының негізгі себебі — электр сымының тұтануы.

Қиын сәтте дереу қырағылық пен батылдық танытқан азаматтардың ерлік істері көпке үлгі болары сөзсіз.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button