Жаңалықтар

Облыстық мәслихаттың жаңа құрамы

Облыстық мәслихаттың жетінші шақырылымының бірінші сессиясы болып өтті. Оған депутаттық корпус жаңа құраммен келді.   

Сессия жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Жиында облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева облыстық мәслихаттың депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарлама жасады.

Облыстық мәслихат депутаттары құрамында Nur Otan, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының өкілдері бар. Сессия төрағасы Тақталифум Есенғұлов күн тәртібіне сәйкес депутаттардың облыстық мәслихаттың хатшысын сайлауы қажеттігін айтып, ұсыныс жасау керектігін білдірді.

Ашық дауыс беру нәтижесінде және жалғыз ұсынысқа орай облыстық мәслихаттың хатшысы болып бұған дейін облыс әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келген Амангелді Нұғыманов сайланды.

Мәртөк өңірінде дүниеге келген Амангелді Шайхоллаұлы «Қайнар» университетін заңгерлік, Будапештегі халықаралық құқық қорғау органдары академиясын халықаралық құқық, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын мемлекеттік қызмет менеджері мамандығы бойынша бітірген. Ол бірнеше облыста және республикалық деңгейде мемлекеттік қызметтерде болған.

Облыстық мәслихаттың 5 тұрақты комиссиясы құрылды. Олар — бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік; әлеуметтік-мәдени даму; депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс; аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану, сондай-ақ құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар.

Комиссия төрағалары болып депутаттар Сұлупан Шынтасова, Аманкелді Есіркепов, Асхат Айтжанов, Гүлжанат Ерғазина және Сергей Вишняк сайланды.

Сонымен қатар облыстық мәслихатта Nur Otan партиясының депутаттық фракциясы тіркелді. Оған аталған партияның облыстық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, депутат Ербол Данағұлов жетекшілік етеді.

Мәслихатта саны жағынан басымдықта тұрған Nur Otan партиясы фракциясының құрамы бұл жолы 59 пайызға жаңарды, ал депутаттардың 30 пайызы — қыз-келіншектер, бестен бірі — 35 жасқа дейінгілер.

Сессияда депутаттар алдында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз сөйлеп, депутат болып сайлану бір жағынан үлкен мәртебе, екіншіден зор жауапкершілік екенін атап көрсетті. Сонымен бірге жаңадан қызметке кіріскелі отырған халық қалауларын құттықтап, ел игілігі үшін қызмет жолдарына табыс тіледі.

— Биылғы сайлау жоғары бәсекелестік жағдайында өтуімен ерекшеленді. Партияішілік сайлауға жол ашылды. Үміткерлерге өз қабілеттерін танытуға, көрсетуге мүмкіндік берілді. Бұл — қоғамымыздың ілгері дамуының, болашаққа сеніміміздің қалыптасуының нақты бір көрінісі іспетті болды.

Міне, осындай жолдардан өтіп, 33 адам облыстық мәслихаттың депутаты мандатына ие болып отыр. Олардың көпшілігі өздерін көрсете білген, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына лайықты үлесін қосып жүрген азаматтар. Депутаттар құрамында үш партияның өкілдері бар.

Басты мәселе — елдің қамы, халық мүддесі. Тұрғындарды жұмыспен қамту, денсаулық сақтау ісін жетілдіру, басқа да өзекті міндеттер аз емес. Сондықтан да сіздердің тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін жүйелі шешуге атсалысатындарыңызға, осы жолда белсенді еңбек ететіндіктеріңізге сенемін, — деді ол.

Облыс басшысы облыстық мәслихаттың осы кезге дейін хатшысы болып келген Сәния Қалдығұловаға белсенді қызметі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта облыс әкімінің кеңесшісі ретінде өңірдің қоғамдық-саяси өмірі мен дамуына лайықты үлес қоса беретіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ оған «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Ақтөбе облыстық мәслихатының VII шақырылымының депутаттарын тіркеу туралы хабар

Ақтөбе облыстық мәслихатының VII шақырылымының депутаттарының кезекті сайлауының қорытындылары бойынша 2021 жылдың 13 қаңтарында келесі депутаттар тіркелді:

1) Nur Otan партиясының партиялық тізімі бойынша:

Айтжанов Асхат Абдрахманұлы — 1962 ж.т., директорлар кеңесінің төрағасы,  «Дастан» компаниясы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Әлішев Қазыбек Құрманғалиұлы — 1978 ж.т., басшы, «Арман-М» ШҚ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Әмірғалиев Алтынбек Аманұлы — 1967 ж.т., басшы, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Бекенов Құдайберген Елтекұлы — 1959 ж.т., директор, «Желдорфармация» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

Бекенова Алмагүл Шубайқызы — 1971 ж.т., директор, «Тері Сарай» дүкендер желісі, «Бекенова А.Ш.» ЖК, Ақтөбе қаласында тұрады.

Беркімбаев Бөріхан Сматуллаұлы — 1964 ж.т., директор, «ҚТЖ – Ақтөбе Жүк тасымалы бөлімшесі» АҚ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Вишняк Сергей Викторович — 1961 ж.т., іс басқарушысы, «Динар-Электромаш» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

Волненко Людмила Сергеевна — 1979 ж.т., бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, Хромтау аудандық орталық аурухана, Хромтау ауданы, Хромтау қаласында тұрады.

Данағұлов Ербол Жеткергенұлы — 1981 ж.т., төрағаның бірінші орынбасары, Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Есенғұлов Такталифум Садуұлы — 1966 ж.т., бас директордың бірінші орынбасары, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Есенжолов Арман Бекетұлы — 1964 ж.т., президент, «Қазхром» ТҰК» АҚ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Есеркепов Амангелді Қабашұлы — 1954 ж.т., директор, «Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжі» МКҚК, Ақтөбе қаласында тұрады.

Жаншаева Бахтықан Құрманқызы — 1966 ж.т., кеңесші, «Aktobe HUB» өңірлік даму орталығы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Зелетдинова Әсел Асқарқызы — 1996 ж.т., директор, «Зелетдинова» ЖК, Ақтөбе қаласында тұрады.

Итеғұлов Еламан Маратұлы — 1988 ж.т., директор, «Жандос и К» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

Көздіғарин Берік Ерболұлы — 1986 ж.т., директор, «ZhappasCompany» ЖШС, Ойыл ауданы, Қаратал ауылында тұрады.

Қожабекова Жұлдыз Қазиханқызы — 1986 ж.т., тілдер кафедрасының оқытушысы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Ақтөбе қаласында тұрады.

Қойлыбаев Қайрат Әлібиұлы — 1963 ж.т., директорлар кеңесінің төрағасы, «АЗМ» АҚ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Қыстаубаев Асқар Әлмұратұлы — 1961 ж.т., бас директор, «Aqtobesuenergygroup» АҚ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Лазарчук Евгений Геннадьевич           — 1989 ж.т., ұйымдастырушы, «Актобе дыши» волонтерлер қозғалысы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Масалимова Күлшат Қабылбекқызы — 1973 ж.т., директор, «Taksimasia» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

Нұғманов Амангелді Шайхоллаұлы — 1967 ж.т., басшы, «Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Сабыр Қайрат Қанатұлы — 1966 ж.т., директор, «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» ҚБ Ақтөбе облыстық филиалы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Салфиков Талғат Маратұлы — 1962 ж.т., бас директор, «Анвар» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

Сәрсенбина Баянды Қуандыққызы — 1970 ж.т., меншікті тілші, Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті, Ақтөбе қаласында тұрады.

Шынтасова Сұлупан Панақызы — 1959 ж.т., хатшы, «Ақтөбе қалалық мәслихатының аппараты» ММ, Ақтөбе қаласында тұрады.

Щегельский Всеволод Анатольевич — 1973 ж.т., бас директор, «КТП» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

2) «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімі бойынша:

Баймұхан Жомарт Батиханұлы — 1993 ж.т., мұғалім, «Қарғалы аудандық өнер мектебі» МКҚК, Қарғалы ауданы Бадамша ауылында тұрады.

Далмағамбетов Оразбек Нәбиұлы — 1951 ж.т., басшының өндіріс жөніндегі орынбасары, «Агрофирма «Коквест» ЖШС, Ақтөбе қаласында тұрады.

Ерғазина Гүлжанат Қойбағарқызы — 1974 ж.т., «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы, Ақтөбе қаласында тұрады.

3)  «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша:

Құлдыбаева Әсия Еделбекқызы — 1975 ж.т., директор, «Еуразиялық банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Садықов Асқар Аманбайұлы — 1969 ж.т., төраға, «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облысық  филиалы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Шункеева Әсел Қуанышбекқызы — 1978 ж.т., директор, «Банк ЦентрКредит» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы, Ақтөбе қаласында тұрады.

Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button