Пікір

Жол — экономиканың күретамыры

Бағлан БАЙМАҒАМБЕТОВ,

облыстық қоғамдық кеңес төрағасы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздің алда одан әрі дамуы мен өркендеуіне қатысты көптеген тың жаңалықтар айтты. Әрине, елдің дамуы үшін күнбе-күн өзгерістер болуы керек.  Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің ұзақ мерзімді дамуы Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу қағидаттарына негізделген. Президентіміз көздеген мақсатқа жету үшін барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасалатынын айтып, негізгі басымдықтарға тоқталды. Соның бірі —  көліктік, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымдарды дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өңірлерді, қалаларды, аудандар мен ауылдарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымды жақсартуға басымдық беріледі. Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді», — деді.

Қазір бұрынғы ұжымжар, кеңшарлардың көбісі ыдырап, ауылдағы халықтың дені  қалаға кетті. Президент өз сөзінде осындай ауылдарды жандандырып, жол салып, су өткізіп, көгілдір отын тарту сияқты жобалардың жүзеге асырылатынын айтты. Бұл — өте қуанышты жағдай.

Өмірімнің тең жартысын жол салу ісіне арнағаннан кейін бұл салаға қатысты барлық жаңалықтарды жібермей, қадағалап отырамын. Елімізде 2025 жылға дейін республикалық маңыздағы 24800 шақырымдық жолдың сапасын жоғары деңгейге жеткізу межесі тұр. Қазіргі күні бұл бағытта күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізіліп жатыр. Соның ішінде  облыста 1900 шақырымға жуық республикалық деңгейдегі жол бар. Бүгінгі күні соның 70  пайызына күрделі жөндеу жүргізілді. Өздеріңізге мәлім, бұл бағыттағы жұмыстардың бірінші қарқыны «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» аталатын үлкен жоба негізінде  2003 жылдары басталған болатын. Осы жобаға сәйкес, облыс аумағынан өтетін 639 шақырымдық жол жөнделген еді. Кезінде сол жұмыстарды үлгеріп салған едік, қазір соның ізімен іс жалғасып жатыр.

Бүгінде облыс аумағынан өтетін республикалық дәрежедегі жолдардың бойымен көлік қатынайды. Жол — экономиканың күретамыры. Қай кезде де басқа транспорттарға қарағанда, автокөлік тасымалының шығыны әлдеқайда төмен болады. Кезінде Елбасының бастамасымен жасалған осындай серпіліс бүгінде Қазақстанның атын әлемге танытты.

Мемлекет басшысы кешегі сөзінде осындай ірі жобалардың жалғасы — ауыл-аймақтарды өзара байланыстыратын инфрақұрылымдарды дамытуға басымдық берді. Бұл жаңалық бәрімізді қуантып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button