Жаңалықтар

Балмұздақтан басталған қадам

Кәсіпкерлік

Бүгінде елімізде кәсіпкерлерді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жеңілдетілген несиелер беріліп, қайтарымсыз гранттар ұсынылуда.

Биыл Шалқар ауданында «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында 10 жоба жоспарланды. Сондай-ақ осы бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар да берілуде. Бүгінде ауданнан 2 миллион теңгеден 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа 12 жоба ұсынылды. Оның бесеуі 18,9 миллион теңгеге оң қорытындысын алды. Сөйтіп, Шалқар қаласының тұрғындары, жеке кәсіпкерлер Ерлан Бекмағамбетов «Шалқарлық кір сабын» таңбасымен кір сабын өндіру, Әсет Сағымбай автокөлік бөлшектерін жөндеу, Асылбек Дәулеталин автокөліктерді техникалық байқаудан өткізу, Бағдат Қымызбаев декоративтік кірпіш шығару цехтарын ашты.

Сондай кәсіп иелерінің бірі — шалқарлық Гүлнұр Нұғманова. Жас та болса, бірнеше адамды жұмыспен қамтып, еңбек етем деген жандарға жол көрсетіп жүр. Ол ең алғаш 2018 жылы Шалқарда ерекше балмұздақ сатып, табыстың алғашқы капиталын жинады. Кейіннен аудан орталығынан халық көп жүретін тұстан ғимарат сатып алып, ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізді. 2019 жылы жастар бас қосатын ерекше орын — «Әл-Батыр» кафесін ашты. Бұл ретте ол «Даму» қоры арқылы 6 пайызбен несие алып, жұмысын жандандырғанын айтады.

— «Қыз бала — жатжұрттық» екені белгілі. Тұрмыс құрып, ана атанғаннан кейін кезекті еңбек демалысында үйде отырдым. Үйдің тірлігін жасай жүріп, ұшқыр қиялмен әр нәрсені бір ойлайтынмын. Сөйтіп, ең алғашқы еңбегімді 2018 жылы  «Гонконг балмұздағын» сатудан  бастадым. Уақыт өте келе қала тұрғындары «Суши, пицца бар ма?» деген ұсыныстар тастады. Сұраныс бар жерде кәсібіңнің жанданатыны анық. Сөйтіп, 2019 жылы «Әл – Батыр» кафесін аштық. Бұл орын барша тұрғындардың тұрақты демалыс орнына айналды. Өткен жылы осы ашқан кафеміздің аумағын кеңейттік, — дейді Г.Нұғманова.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін кәсіпкер үшін биылғы жыл қуанышты жаңалықпен басталды. Жақында ғана ол өзінің «Әл-Батыр» кафесінің жанынан кондитерлік цех ашты.

— Әйел заты табиғатынан тәтті пісіруге құмар екені белгілі. Әртүрлі семинарлар мен мастер-кластарға қатыса жүріп, кондитерлік өнімдер пісіруге деген қызығушылығым артты.

Міне, биыл барша тұрғынның қажетіне жарайтын кондитерлік цех ашып жатырмыз. Цехта кондитерлік өнімдердің 50-ден астам түрі шығарылады. Ал жолдасым менің әр бастамама қолдау көрсетіп келеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүгінгі күнге бірге жеттік. Еңбек еткен адамның алмайтын асуы жоқ екенін сезіндік. Ерінбей еңбек еткенге мүмкіндік мол,  — дейді кәсіпкер.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button