Жаңалықтар

Интернеттегі алаяқтық

Бүгінде ұялы телефон мен интернет желісі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны белгілі.  Азық-түлікке тапсырыс беру, төлемдерді төлеу, киім сатып алу  және тағы басқа да қызметтерді  үйден шықпай-ақ атқаруға болады. Бірақ бұл кейбір адамдар үшін уақытты үнемдеуге және өмірін мүмкіндігінше жеңілдетуге  мүмкіндік болса, енді біреулер үшін алаяқтық әрекеттерді іске асыратын жол. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша,  соңғы уақыттарда Ақтөбе облысында алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткен. Онда белгісіз адамдар «OLX/KZ» қосымшасында тауарды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландырулар беріп, қосымша арқылы алдын ала төлемді шотқа жіберуді сұрайды. Шотқа ақша түскеннен кейін телефон өшіріледі.

Сонымен қатар «OLX/KZ» қосымшасында хабарландыру бойынша тауарды сатуға жариялап, жәбірленушінің банк картасының мәліметтерін иемденеді және қолда бар ақшаны шоттан аударып алады.

Осыған байланысты полиция департаменті егер сатушы сатып алынған тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға сенбеу керек екендігін ескертеді. Анонимді төлем жүйелері арқылы бейтаныс адамдарға ақша аударылып, егер мәміле жасалмаса, оларды қайтаруға кепілдік жоқ.

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button