Басты жаңалықтар

Әуежайға Әлия Молдағұлованың есімін беру ұсынылды

Ақтөбе халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың есімі беру ұсынылды.

Облыстық әкімдіктің ресми сайтында «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Әлия Молдағұлованың есімін беру туралы қаулының жобасы жарияланды. 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі А.Маминнің қол қойылған қаулы жобасында бұл құжаттың алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілетіні айтылған.

«Ақтөбе әуежайының батырдың есімін беру туралы ұсынысы облыстық тілдерді дамыту басқармасына қараша айында түсті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 281-қаулысының негізінде ұсыныс облыстық мәслихат сессиясына ұсынылды. Облыстық мәслихат депутаттары оны бірауыздан қолдады. Облыс әкімдігінің бірлескен қаулысы және мәслихатының шешімі республикалық ономастика комиссиясына жіберілді. Республикалық ономастика комиссиясы да оң қорытынды шығарды. Қазіргі уақытта бұл шешім құзырлы бес министрлікке жолданды және талқылау үшін қаулы жобасы облыс әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Ең көп дегенде екі аптаның ішінде құзырлы бес министрлік оң келісімін берсе, қаулы Үкімет кеңсесіне енгізіледі. Қаулыға қол қойылып, жариялағаннан бастап өз күшіне енеді», — деді облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасова.

Қаулы жобасы «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сүйеніп жарияланған.

Бүгінде облыста төрт нысан,  бір елді мекен атауы, 56 көшеге батыр Әлия Молдағұлованың есімі берілген, өңірде батырға қойылған үш ескерткіш бар.

Бүгін, яғни 14 қаңтар  — Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні. Қазақтың қаһарман қызы 1944 жылы дәл осы күні Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапқан болатын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button