Жастар

Үздіктер үлесі

Шалқар ауданы өткен жылдың  қорытындысы бойынша облыста волонтерлік қызметті дамытуға белсенді атсалысқан «Ең үздік жастар ресурстық орталығы» номинациясы бойынша марапатталды.

Шалқар аудандық жастар ресурстық орталығы Волонтерлер жылы аясында «BIRGEMIZ» ұлттық жобасының  жүзеге асуына  белсенділікпен үлес қосты.

— Аудан волонтерлері «Ақтөбеге көмек», «Жақыныңа жылулық сыйла», «Таза жағалау», «Қарттарға қамқорлық», «Шалқар жастарынан — Мақтааралға көмек», «Туған жеріңе ағаш сыйла», «Мейірім керек адамға» акцияларын өткізіп және аудан жастарын ұйымдастыра отырып аудандық ауруханаға екі тыныс алу апаратын табыстады. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін ауданымыздың белсенді жастарының бірі Динара Алшора облыс әкімінің «Үздік волонтер» төсбелгісімен марапатталды, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова.

Оның айтуынша, өткен жылы аудандық аурухана жанынан «Саулық» волонтерлік тобы құрылған. Волонтерлік топтың мүшелері пандемия кезінде арнайы белгіленген блок-бекеттерде кезекшілік қызмет көрсеткен. Сонымен қатар жалғызбасты қарттардың үйіне барып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қол ұшын созған.

— Өткен жылы облыс әкімінің  «Волонтерлік қызметке қолдау көрсеткен ең үздік мекеме» номинациясы бойынша Шалқар аудандық ауруханасы марапатталғанын айта кеткеніміз жөн. Аурухана жанынан құрылған волонтерлік топ көптеген қайырымдылық шараларына үлес қосты. Топтың құрамында жастармен бірге, дәрігерлер де бар, — дейді орталық басшысы.

Өткен жыл аудан жастары үшін өз кәсібін ашуға да мол мүмкіндік берді. Яғни түрлі бағдарламалар арқылы жастар қайтарымсыз гранттар ала отырып, өз кәсіптерін бастады. Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы ұйымдастырған мемлекеттік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік гранттар байқауында жеңіске жеткен «Серпін» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәндігүл Әленова 1 миллион 900 мың теңгеге ие болып, «Мерген» садақ ату клубын ашты. Ал, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша  аудан жастарының бірі Әйгерім  Жақсылыққызы  530 200  мың теңгелік қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, «Skif» садақ ату алаңы ашты.

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button