Әлеумет

Әлеуметтік төлемдер қалай өзгерді?

2021 жылға арналған республикалық «Бюджет туралы» заңға сәйкес, биылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 2 917 теңге болды. Соған сәйкес бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты. Мемлекеттік базалық зейнетақы өсті. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі биыл 34 302 теңге шамасында белгіленді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиал директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаровқа зейнетақы және әлеуметтік төлемдер төңірегінде бірнеше сұрақ қойған едік.

— Биыл зейнетақы, жәрдемақы қанша пайызға өсті?

— 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7 пайызға артты. Мысалы, ең төменгі зейнетақы 40441 теңгеден биыл 43 272 теңгеге көтерілді. Ең төменгі базалық зейнетақы былтыр 17641 теңге болған, биыл бұл 18524 теңгеге өсті. Жоғарғы базалық зейнетақы былтыр 32668 теңге болса, осы жылы 34302 теңгеге жетті.

Сонымен қатар биыл асыраушысынан айырылуына байланысты, мүгедектігіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың да мөлшері көбейді. Мысалы: былтыр асыраушысынан айырылуына байланысты бір балаға 28095 теңге төленсе, 1 қаңтардан бастап бұның мөлшері 29500 теңге болды. Өткен жылы екі балаға 48676 теңге берілсе, биыл 51110 теңге болды. Үш балаға былтыр 60436 теңге алатын болса, осы жылы бұның мөлшері 63459 теңге болды. Мүгедектігіне байланысты жәрдемақыға тоқталып өтейін. I топ мүгедегінің былтырғы 62723 теңге болатын жәрдемақысы жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап 65860 теңгеге жетті. 49983 теңге алатын II топ мүгедегінің жәрдемақы мөлшері биыл 52483 теңгеге өсті. III топ мүгедегінің 33975 теңге көлеміндегі жәрдемақысы 35675 теңге болды.

Мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша жәрдемақы мөлшері де көбейді.

Сондай-ақ айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін біржолғы мемлекеттік, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де артты.

— Қазіргі таңда жасына байланысты зейнетақыға шығып жатқан адамдардың ынтымақ еңбек өтілі неге толық емес?

— «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы «Заңда еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн алынады. Сол себепті қазіргі таңда жасына байланысты зейнетақыға шығып отырған адамдардың еңбек өтілі толық болмай жатыр. Бірақ жұмыс жасап еңбек өтілдерін іздестіріп тауып жатқан жағдайда қайта қарауға құжаттарын Мемлекеттік корпорацияға тапсыруға болады.

Әйелдерге зейнетақы тағайындау туралы айтсаңыз?

Еліміздегі «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға 2018 жылы өзгеріс еңгізілуіне байланысты әйелдерге зейнетақы төлемдерін тағайындау тәртібі бар. Өткен жылдарды айтпай-ақ қояйын, әйелдер 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 жасқа толғанда; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60,5 жасқа толғанда; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 61 жасқа толғанда; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 61,5 жасқа толғанда; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 62 жасқа толғанда; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 62,5 жасқа толғанда; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі. Әйелдер зейнет жасына келгенде тұрғылықты мекенжайы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш білдіру қажет. Айтпақшы, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақыға құқығы бар.

Асыраушысынан айырылған жағдайда және көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыларға 18 жасқа толған балаларына оқу орнынан анықтаманы қай кезде алып келу керек?

Асыраушысынан айырылған жағдайда және көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыларға оқу орнынан анықтаманы бала 18 жасқа толар алдында 10-15 күн бұрын алып келуге болады. Сондай-ақ әр жаңа оқу жылы басталар алдында, яғни 1 қыркүйек басталар алдында алып, тапсыруы қажет.

— Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға енгізілген өзгерістер туралы айтып берсеңіз?

—  Былтыр «Ардагерлер туралы» жаңа заң қабылданды. Сондай-ақ «Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 3 маусымдағы №445 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатындар қатарына басқа мемлекеттер аумағындағы, яғни 1992 жылғы қыркүйек пен 2001 жылғы ақпан аралығында  Тәжік-Ауған учаскесінде, 2003 жылғы тамыз бен 2008 жылғы қазан аралығында Иракта, 1986-1990 жылдар аралығында Таулы Қарабахтағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер санаты қосылды. Сөйтіп, бүгінгі таңда бұл санаттағы ардагерлерге 4,8 айлық есептік көрсеткіш, яғни 13334 теңге мөлшеріндегі арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Әйелдер жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қалай төленеді?

— Жүктiлiкке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем Әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорынан  төленеді. Жүктiлiкке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады. Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстар сомасын он екіге бөлу арқылы айқындалады. Соңғы он екі ай ішінде, яғни осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің бар-жоғы әсер етпейді.

Біздің анықтама

БИЫЛ:

Бір айлық есептік көрсеткіш мөлшері 2 917 теңге болды.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге шамасында белгіленді.

Ең төменгі зейнетақы 43 272 теңгеге көтерілді.

Ал ең төменгі жалақы мөлшері өзгерген жоқ: 42 500 теңге.

— Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем қалай тағайындалады?

— Елімізде жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Мұндай әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмысынан айырылған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретiнде тiркеуге өтiнiш жасаған күннен бастап тағайындалады.

Жұмысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн тиiсті табысты ауыстыру коэффициенттерi мен қатысу өтілінің коэффициентiне көбейту арқылы қаралады.

Тұрғындар зейнетақы, жәрдемақы тағайындауға қалай өтініш бере алады? Міндетті түрде орталықтарға бару керек пе?

— Қызмет алушылар зейнетақы және жәрдемақыға халыққа қызмет көрсету орталығына келіп те өтініш бере алады. Сондай-ақ электрондық үкіметтің еgov порталы арқылы электрондық өтініш беруіне мүмкіндік бар. Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындауға, балалы болған жағдайда, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері болып, жәрдемақыға құқық туындаған кезде, абоненттік ұялы байланыс құрылғысының телефон нөмірі тіркелген жағдайда, «электрондық үкіметтің» веб-порталында  көрсетілетін қызметті алушыға жәрдемақыларды тағайындау және тілді таңдауы туралы хабарлама дайындалады. Көрсетілетін қызметті алушыдан проактивті қызмет көрсетуге келісім, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыдан басқа да қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, оның ішінде  көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы шектелген қолжетімділік, банк шотының нөмірін беру немесе растау туралы хабарлама жіберіледі. Проактивті қызмет — смс арқылы шешілетін тиімді әдіс.

Егер адам бірінші рет мүгедек деп танылса, оған композиттік қызмет көрсетіледі, ол медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне банк шотын апарады және сол жерде өтініш білдіреді. Бұл жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығына келіп өтініш жазудың қажеті жоқ. Мүгедектігі қайта расталған жағдайда да орталыққа келудің қажеттігі жоқ. Мемлекеттік корпорация қызметкерлері оны базадан көріп, өздері қайта қарау операциясын жасап, төлемін қайта жалғастырады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button