Басты жаңалықтарӘлеумет

Зейнетақы жинағыңыздан біржолғы төлем алғыңыз келсе… 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы қыркүйек айындағы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында зейнетақы қорындағы жинақты алуға болатыны туралы айтқан-ды. Ел тұрғындары бұған елең ете қалды. Себебі күтпеген жерден қаржыға ие болатын болды. Әрі «зейнетақы қорындағы ақшамыз жоғалып кетіпті» деген сыңайлы алыпқашпа әңгіменің рас-өтірігін айыра алмай жүрген халыққа бұл ақжолтай жаңалық болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында «2021 жылдың өзінде Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатынын немесе басқарушы компаниялардың иелігіне бере алатынын» айтты.

— Қаражатты тек үй құрылысына ғана емес, жалдау ақысын субсидиялауға да бөл­ген жөн. Оның ауқымы осы шара­ның арқасында алғашқы жылдың өзін­де-ақ 10 есе өсіп, жүз мыңнан астам отба­сына нақты көмек көрсетіледі, — деді президент.

Ал жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заңға сәйкес Қазақстан азаматтары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады.

Қандай мақсатта алуға болады?

Жинақтағы ақшаны тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға ақы төлеу үшін, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін ғана пайдалана алады.

Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының ресми сайтында жазылған ақпараттарға сүйенсек, тұрғындар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өзінің, жұбайының, жақын туыстарының тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында алып, сонымен бірге өзі, жұбайы, не жақын туыстары үшін емделу ақысын төлей алады. Қордағы ақшаны мақсатты түрде пайдалану үшін отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге рұқсат етіледі. Егер салымшы заңда көрсетілген барлық талаптарға сай келсе, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалануына болады.

Зейнетақы жинақтары есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді. Ал медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілейді.

Жинақтағы ақшаны кім ала алады?

Біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін әр салымшының қордағы ақшасының көлемі белгіленген жеткілікті шектен артық болуға тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «жеткілікті шектің» не екенін және оның қалай есептелетінін айтты:

—  «Жеткіліктілік шегі» белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді. Ол әркімнің өз жасына байланысты белгіленеді.  Біз бұл жолы әйелдер мен ерлер үшін бірдей көрсеткішті белгілеп отырмыз. Екіншіден, «жеткіліктілік шегінің» мөлшері жыл сайын есептеліп отырады. Бұл қалыптасқан параметрлер жинақтаушы қорында кіріске, инфляцияға қарай және ең төменгі төлем мөлшерінің өзгеруіне қарай есептеліп отырады. «Жеткіліктілік шегінің» мөлшері 20 жастан бастап есептеледі.  «Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 миллион 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 миллион 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 миллион 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 миллион 9 47 мың теңге; 50 жас үшін – 4 миллион 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 миллион 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін 5 миллион 586 мың теңге қажет. Бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу табысы елдегі орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді, – деді министр.

Мысалы, сіздің жасыңыз 35-те болса, шотыңызда кемінде  2 миллион 961 мың теңгеден артық қаражат болуы керек. Осыдан артылған ақшаны жоғарыдағы мақсаттар үшін пайдалануға құқыңыз бар. Жақында БЖЗҚ 2021 жылға арналған зейнетақы қорындағы «жеткіліктілік шектің» жаңа кестесін жариялады. (Кестенің суреті бар).

Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының ресми сайтында біржолғы зейнетақы төлемін алушыға қойылатын басқа да талаптар туралы жазылған:

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығын міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады. Сонымен бірге қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50% аспайтын шекте қолдана алады.  Сонымен бірге өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан азаматтар да бұл құқыққа ие.

Алуға болатын ақша көлемін қалай білуге болады?

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін азаматтар алдымен өз жинақтарын тексеріп, олардың жеке зейнетақы шотындағы қаражаттың жеткілікті екеніне көз жеткізуге тиіс. Бұл ақпаратты БЖЗҚ-ның enpf.kz веб-сайтындағы жеке кабинеттен онлайн режимінде тексере аласыз. Оны екі түрлі әдіспен — жеке сәйкестендіру нөміріңіз бен пароль енгізу және электронды-цифрлық қолтаңба арқылы алуға болады. Жеке кабинетте өз жинағыңыздан алуға болатын сома автоматты түрде көрсетіледі. Сондай-ақ жеке кабинетте өзіңіздің «жеткіліктілік шегіңізді» және ЖТС төлемін ескере отырып алуға болатын қаражат сомасын (егер сіз оны бірден төлеу қажет деп есептесеңіз) біле аласыз.

Сонымен қатар жинақтан алуға болатын қаражат сомасын электронды-цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, cabinet.enpf.kz/porog сілтемесі арқылы да білуге болады.

Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат egov.kz сайтында және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді. Ол үшін де электронды-цифрлық қолтаңба қажет. Egov.kz сайтына кіріп, басты беттегі «Әлеуметтік қамсыздандыру», одан әрі «Зейнетақымен қамсыздандыру» қосымша бетіне, содан соң «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру» парақшасы арқылы білуге болады.

Ақшаны алу қалай жүргізіледі?

Мәселен, сіз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке жинағыңыздан біржолғы төлем алу арқылы тұрғын үй жағдайыңызды жақсартқыңыз келеді делік. Ең алдымен, жоғарыдағы тәсіл арқылы алуға болатын ақша сомасын біліп аласыз. Есіңізде болсын, БЖЗҚ-дағы жеке жинағыңыздан біржолғы төлем алу арқылы кезінде жеке табыс салығы төленеді. Оны бірден төлейсіз бе, жоқ ай сайын тең үлестермен төлейсіз бе — өз еркіңіз. «Жеткілікті шектен» асатын қаражатты алуға өтініш берген кезде осы сұраққа жауап бересіз.

Өтініш берілгеннен кейін  уәкілетті оператор (Бұл жерде уәкілетті оператор — «Отбасы банкі» АҚ) екі жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға электрондық хабарлама жібереді, онда төлемге қабылданған өтініш туралы мәліметтер — салымшы туралы мәліме ттер мен қаражатты алу мақсаты, салымшы айқындаған мөлшердегі біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы, ЖТС ұстап қалу тәсілі туралы мәліметтер қамтылады, сондай-ақ салымшының ЭЦҚ қойылған салықты  ұстап қалу туралы өтініші электрондық хабарламаға қоса берілетін болады.

БЖЗҚ уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға салымшының біржолғы зейнетақы төлемінің сомасын аударады, ал уәкілетті оператор бұл соманы салымшының арнайы шотына аударады. Біржолғы зейнетақы төлемінің сомасы «Отбасы банкінде» ашылған салымшының арнайы шотында 45 жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде сақталады. Яғни сіз 45 күннің ішінде зейнетақы қорынан алған ақшаңызды мақсатты түрде жұмсау үшін уәкілетті операторға тиісті құжаттарды ұсынуыңыз керек. Егер 45 күн ішінде ұсынылмаған жағдайда, ақша зейнетақы қорындағы өз жинағыңызға қайтарылады.

Егер жинақтағы ақшаңыздың бір бөлігін емделуге жұмсағыңыз келсе, оның да тәртібін білген жөн. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік беретін емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесінің жобасын әзірледі. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, бұл ережеде емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін алу тәртібі мен осы төлемдер есебінен төленетін медициналық қызмет түрлерінің тізімі айқындалған. Бұл тізім бойынша ел тұрғындары біржолғы зейнетақы төлем есебінен орфандық ауруларға қымбат ем алу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер, еліміздің  медициналық ұйымдарында көрсетілетін стоматологиялық қызметтерді, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды, радионуклидтік және радиойодтерапияны талап ететін ауруларды түзету мақсатында реконструкциялау және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларына бара алады, сонымен бірге радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), протондық терапия, отандық медициналық ұйымдарда, оның ішінде ел  аумағында орналасқан санаторий-курорттық жағдайларда медициналық оңалту, офтальмологиялық қызметтер (көру қабілетін лазермен түзету, мультифокалды линзаларды пайдалана отырып катарактаны емдеу, ангиогенез тежегіштерін интравитриалды инъекциялар) көрсетіледі. Бұл ретте азамат біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен емделуге жіберу туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын өзі тіркелген жердегі медициналық ұйымнан ала алады.

(Ақпараттар БЖЗҚ-ның ресми сайтынан алынды).

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button