Денсаулық

Балалар неге ішек инфекциясына шалдығады?

Қазіргі күні облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 12 бала ем алып жатыр. Оның төртеуі ауруханада жатса, қалғандары үйде емделуде. Балалардың барлығы науқас адамдармен байланыста болған, яғни бірінің ата-анасы ауырса, енді бірінің үйінде жақыны індетке шалдыққан. Алайда соңғы аптада инфекциялық ауруханаға іші ауырып, қызуы көтерілген 79 бала түскені туралы ақпарат ата-аналарды алаңдатып қойды. Көпшілік бұны коронавирус инфекциясымен байланыстыруда. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров бұл туралы былай дейді:

Бұл — ауруханаға түскен балалардың жалпы саны. Ал ішек инфекциясы бойынша соңғы аптада 23 бала жатқызылған. Қазіргі күні олардың ішінде емделіп, үйге жіберілгендері бар. Күнделікті өмірде қарапайым тазалықты сақтамағаннан балалар түрлі ішек инфекциясына шалдығып жатады. Сондықтан ата-аналардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ және бұның коронавирус инфекциясына мүлде қатысы жоқ екенін айтқым келеді. Жалпы, жаппай улану дерегі тіркелген жоқ.

Облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Әлия Сәлімқызының айтуынша, қазіргі күні емдеу мекемесінде 78 бала жатыр. Оның ішінде түрлі ішек инфекциясына шалдыққан 41 бала емделсе, жедел респираторлы вирусты инфекциямен 31 бала ем қабылдауда. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш өспеген. Былтыр осы  кезеңде ауруханаға 87 бала түскен.

Ішек инфекциясына шалдыққан балалардың барлығынан сараптама алынады. Бір жасқа дейінгі балаларда инфекцияның қандай түріне шалдыққаны сараптама арқылы анықталады. Ал бір жастан жоғары балалардың алпыс пайызында инфекция анықталмайды, яғни анализде көрінбейді. Ішек инфекциясына шалдыққан балаға бірінші кезекте қайнаған су беру керек. Аймақтық дәрігерді немесе жедел жәрдем шақырту керек. Ауруханаға түскен балалардың көпшілігінің ата-анасынан сұрағанымызда,  мандарин, шұжық (колбаса) бергенін айтады. Бір жасқа толмаған балаға майшабақ балығын берген. Ата-аналардың көпшілігі баланы дұрыс тамақтандырмайды. Бала жасына байланысты ас ішуі керек. Тұрып қалған айран, йогрут секілді өнімдерден бала тез уланады. Қазір тағамдардың бәрінің сапасы жақсы емес. Оның ішінде құрғақ, тез дайындалатын тағамдарды абайлап пайдалану керек. Қытырлақ (чипсы) тәрізді ащы, тәтті өнімдерді бермеген жөн.

Ішек инфекциясынан бөлек, ларингит секілді түрлі тамақ ауруларымен жатқан балалар бар. Жалпы, ауруханаға ауыр жағдаймен түскен бала жоқ. Емдеу мекемесіне келген әрбір науқас баладан ПТР-тест аламыз. Балалардың ешқайсысында коронавирус жоқ, — деді Әлия Сәлімқызы.

Қалай сақтану керек?

Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп, сыртқы ортаға тарайды.
Инфекция тазалықты сақтамағаннан, жуылмаған көкөністерді, пісірілмеген сүтті, сапасыз, шала пісірілген  тағамдарды пайдаланғаннан, ауызсуды қайнатпай ішкеннен, қолды жумағаннан жұғады. Облыстық инфекциялық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Гүлсара Тьяглакова балаларды ішек инфекциясынан сақтау үшін тазалыққа мән беру керектігін айтады.

Ең алдымен, жеке бастың гигиенасын сақтау керек. Бір жасқа толмаған, емшек еметін сәбилердің аналары тазалыққа аса қатты көңіл бөлгені дұрыс. Емізікті, ойыншықтарды әлсін-әлсін ыстық сумен жуып, ас ішетін ыдыстардың тазалығына мән берген жөн. Айран, йогурт секілді өнімдердің сақтау мерзіміне қарау керек. Кейбір өнімдердің мерзімі өтпесе де, олар жылы жерде ұзақ уақыт тұрып қалады. Бұл ішек инфекциясының өршуіне әкеледі. Сондықтан балаға беретін асқа мұқият болған дұрыс. Жеміс-жидекті әбден жуып беру керек.

Инфекцияға шалдыққан баланың қызуы көтеріледі, іші өтеді. Емшек ембейді, асқа тәбеті болмайды. Шөлдейді, құсады, басы ауырады. Мазасызданып, денесін әлсіздік басады. Дәретінде қан, кілегей пайда болады. Баланың іші өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Егер осындай белгі байқалса, бірден дәрігер шақырту керек. Дәрігер келгенше аздап және жиі-жиі қайнаған су берген жөн. Себебі организм бұндай кезде суды көп жоғалтады, — дейді Гүлсара Тьяглакова.

Дәрігердің айтуынша, аналар баланы өз бетінше емдемегені жөн. Бұл аурудың асқынып, аурудың ауыр түріне әкелуі мүмкін.

УЛАНҒАН КЕЗДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Тамақтан улану — сапасыз тағамды пайдаланғаннан болатын жағдай. Мерзімі өтіп кеткен сүт өнімдері, нитраты көп тағамдар мен консервілерден адамдар жиі уланып жатады.  Ал уланған кезде не істеу керек? Жедел жәрдем шақырып, дәрігер келгенше асқазанды тазартқан дұрыс. Ол үшін науқас адамға 1 стакан жылы суға 1 ас қасық тұз салып, ішкізеді. Бұл асқазанды тез тазартуға көмегін тигізеді. Ерітіндіні ішкен соң науқас оң жақ бүйірімен жатып, қолды шынтағынан бүгіп, басының астына салу керек. Сұйықтықты көбірек ішкен жөн.

Егер науқас уланып емхана дәрігеріне қаралса, жедел көмек шақырса, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсетіледі. Бұдан кейін диагнозына  байланысты пациент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша  медициналық қызметтерді ала алады.

ЖАРАҚАТ АЛСАҢЫЗ…

Қандайда бір жарақат алған кезде дәрігерге қаралған дұрыс. Егер жағдай ауыр болса, жедел жәрдем шақырту керек. Өз бетінше емделуге болмайды. Елімізде жарақат алған адамдарға медициналық көмек медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде тегін көрсетіледі. Сондықтан жарақат алған адам ауру асқынып кетпес үшін бірден маманның көмегіне жүгінгені жөн. Ал дәрігер келгенше, төмендегі кеңесті жасаған дұрыс.

– Жарақат алып, дене көгерсе, суық компресс қолданыңыз, тығыз таңғыш салыңыз.

–  Мұрыннан қан кеткен кезде тік отырып, басты сәл алға қарай созу керек.

– Контузия кезінде қозғалмай жату керек. Бөлмені желдетіп, басқа салқын компресс қойған дұрыс.

– Үсік шалған жерді жылы таңғышпен орап, жылы шай ішу керек.

Есте болатын ең маңызды нәрсе — өз бетінше әрекет жасамау. Бұл ауырсынудың асқынуына әкелуі мүмкін.

ПАТРОНАЖДЫ КӨМЕК ҚАЛАЙ КӨРСЕТІЛЕДІ?

Бұл — жүкті аналар мен балаларға көрсетілетін көмектің әмбебап моделі. Патронажды көмек кезінде  медицина қызметкерлері жүкті әйелдер мен балаларға үйіне барып қызмет көрсетеді, яғни профилактикалық, ақпараттық шараларды жүргізеді. Бұл қызметті учаскелік терапевттер, жалпы тәжірибе  дәрігерлері, учаскелік педиатрлар мен медбикелер атқарады. Патронаж қызметкері мен ата-ана  баланың қалыпты дамуы үшін бірлесіп жұмыс жасайды. Әлеуметтік, психологиялық қауіп-қатердің алдын алады. Патронаж маман ата-ананың баланың денсаулығына, қауіпсіздігіне қатысты қандай да бір шешімді қабылдау кезінде толық ақпарат береді. Жүкті әйелдердің барлығына медицина қызметкерлері патронажды бақылау жасайды. Кеңес береді. Оның ішінде денсаулығында ақауы бар, іштегі сәбидің өміріне қауіп төніп тұрған аналарға көбірек көңіл бөлінеді. Көмектің бұл түрі тегін жүргізіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button