Рухани жаңғыру

Жәлімбет батыр кесенесі

Мұғалжар ауданының Жаңажол ауылының солтүстік-батысында, ауылдан 10 шақырымдай жерде тұрған Жәлімбет батыр кесенесі — ХІХ ғасырдың екінші жартысынан қалған ескерткіш. 

Жәлімбет Көшмұхамбетұлы — бүгінде облыстық музейде сауыты сақтаулы тұрған Бұжыр батырдың ұрпағы. Өлкетанушы, облыстық музейде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен Зада Мұқашева өзінің «Жәлімбет батыр» атты мақаласында («Ақтөбе» газеті, 23 мамыр 2020 жыл) оның ататегін былай өрбітеді: Бұжыр — Назар — Қосым — Қарабас — Көшмұхамбет және Көшмұхамбеттен Жәлімбет туады. Түрлі деректерде Жәлімбет батырдың Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне (1836-1838 жж.), Кенесары хан көтерілісіне (1837-1847 жж.) қатысқаны, атақты Көтібар Бәсенұлымен, одан кейін оның баласы Есет батырмен басқыншыларға қарсы жорықтарға бірге шыққаны жазылады. Жәлімбет батырдың, деректер бойынша, 1770-1855 жылдары өмір сүргенін ескерсек, мұның бәрі де шындыққа жанасады. Сонымен бірге Ресей жазбаларында оны «Джалимбет старшина» деп атаған, бұл оның ру басшысы болғанын көрсетеді.

Өкінішке қарай, Жәлімбет батыр туралы зерттеу еңбектер жоқтың қасы. Белгілі тарихшы-ғалым, біздің жерлесіміз Әбу Тәкеновтің: «Ол заманда «ұлы орыс халқына» бойұсынған «кіші халықтар» өз тарихын тек жалған интернационалистік, орыс халқының оларды біріктіріп, басын қосып, компартияның басшылығы арқасында социалистік прогреске жеткізгені тұрғысынан ғана пайымдауға міндетті болды», — дегеніндей, ел басына күн туған шақта жерін, жұртын қорғаған қазақ батырлары туралы жазу, зерттеу, деректер жинақтау кеңес заманында мүмкін болмады. Бұл енді — кейінгі жас зерттеушілердің еншісіндегі іс.

Ал патшалық Ресей қазақ даласын біржола бағындырған тұста, Жәлімбет батырдың балаларының болыстыққа сайланғаны, немере-шөберелерінің империяның ірі қалаларында білім алғаны деректерде айтылады. Мысалы, алтыншы баласы Есенқұлдан туған Қожахмет атты немересі Орынборда, Санкт-Петербургте оқыған. Қожахметтің баласы Омар да Саратовта оқып, жоғары білімді дәрігер болған. Патша тақтан түсіп, Ресейде аласапыран болып жатқан тұста, 1917 жылдың қарашасында елдің одан арғы тағдырын талқылау мақсатында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы шақырылды. Бұл жиынға «Алаш» партиясының атынан және Қазақстанның облыстарынан қатысады деп белгіленген адамдардың тізімі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында тұр. Тізімнің «Орал облысынан» деген бөлімінде Халел мен Жанша Досмұқамбетовтер бастаған жеті адам бар. Соның бірі —  жоғарыда аталған Омар. Ол мұнда «Омар Есенқұлұлы» болып көрсетілген екен. Ал кеңестік заманда Омар Ресей жағына жер аударылған.

Жәлімбет батырдың ұрпақтары бүгінде түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Мысалы, Ақтөбедегі «Қуаныш» клиникасының құрылтайшысы, кәсіпкер Қуаныш Жәлімбетов 2018 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Мұғалжар ауданындағы Құмжарған ауылына өз қаражаты есебінен медициналық пункт салып берді.

Жәлімбет батырдың кесенесіне келсек, ол жөнінде Орынбор ғылыми архивтік комиссиясының мүшесі болған француз зерттеушісі Жозеф Кастаньенің «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» деген еңбегінде нақты дерек қалған. Тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова «Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы» атты зерттеу еңбегінде Кастанье туралы былай деп жазыпты: «И.А.Кастанье (1875-1958 жж.) тегі француз болса да, Мұрағаттық комиссия тарихында қажырлы еңбегімен есте қалды. 1901 жылы Кавказдан Орынборға келіп, алдымен Орынбор реальдық училищесіне орналасса, кейін Орынбор ерлер гимназиясы мен Неплюев кадет корпусына қызметке ауысты. 1902 жылы Комиссия мүшелігіне қабылданып, Қазақстанда археологиялық ізденістерге рұқсат алды. Оның қорытындысы ретінде 1910 жылы атақты «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» монографиясы жарияланды. Еңбекте қазақ даласы мен Орынбор өлкесінің тарихы, археологиясы, этнографиясы, фольклоры, сәулет ескерткіштері жөнінде мол мағлұмат қамтылған. Бұларға қоса, обаларға, қорғандарға, қамалдарға, басқа да ескерткіштерге сипаттама берген». Бұл пікір Кастаньенің аталған еңбегін бүгінгі ғалымдар мен зерттеушілердің жоғары бағалайтынын көрсетеді.

Өз монографиясында Кастанье Жәлімбет кесенесі туралы: «…Жәлімбеттің бейіті Жем өзенінің оң жағалауында, Ембі бекінісінен азырақ жоғары, Ембі-Темір болысында орналасқан. Оны Жәлімбеттің жеті ұлы 1858 жылы күйдірілген кірпіштен салдырыпты. Бұл жұмысқа 60 қой және 16 жылқы беріп, сарттарды жалдаған. Ғимараттың ішінен үш үлкен және бірнеше шағын қабір көрінеді», — деген дерек қалдырады.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы мамандарының айтуынша, кесене кезінде күмбезді етіп салынған, ал есігі, яғни алдыңғы беті оңтүстік жағында болған, мұнда шаршы түріндегі тіреуіш бағаналар сақталыпты. Қабырғалардың кей тұсында сары, қара түстермен боялған геометриялық пішіндер мен өсімдік тәріздес ою-өрнектердің ізі көрінеді.

Бүгінде кесененің сақталған бөлігі тұтастай қазіргі материалдармен қоршалып, төбесі жабылыпты. Сондай-ақ, 2007 жылы граниттен құлпытас қойылған.

Жәлімбет батыр кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына жергілікті маңызы бар ескерткіш ретінде енгізілген.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button