Сайлау процесі Байғанин ауданындағы 24 сайлау учаскесінде өтті. Саяси науқанға сайлаушылардың 10 802-сі, яғни 74,36 пайызы қатысты.
— Аудандағы жасы үлкен кісі Жаңажол ауылдық округі, Оймауыт ауылының тұрғыны, 101 жастағы кейуана, тыл ардагері Тұраш Құдайқұлова сол ауылдағы №213 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Тұраш әже: «Елімізде бейбітшілік болсын. Бірлігіміз мықты болсын. Сайлау әділ өтсін», — деп, ақ батасын берді, — дейді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Қожағали Аққожа.
Оның айтуынша, ауыл халқы сағат 9.30-12.00 аралығында және сағат 15.00-17.00 кезінде белсенділік танытқан.
Байғанин ауданындағы 24 сайлау учаскесінің 19-ы ауылдық округтерде ашылған. Ал қалған 5-еуі — аудан орталығы Қарауылкелдіде жұмыс жасаған. Сайлаушылардың көпшілігі Қарауылкелді ауылында тіркелген.
— Барлық сайлау учаскесінде санитарлық талаптар қатаң сақталды. Облыстық сайлау комиссиясы 24 сайлау учаскесін де қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті, — дейді Қожағали Аққожа.
Сайлау барысын әр саяси партияның өкілдері бақылады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.