Басты бет » Жаңалықтар » 16 мың темірліктің үні

16 мың темірліктің үні

Темір ауданында да сайлау қалыпты жағдайда өткен. Мұнда барлығы 22094 сайлаушының 72 пайызы өзінің азаматтық парызын орындапты.

Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы бойынша ауданда 28 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Саяси науқанға ауыл тұрғындары таңертеңнен бастап атсалысып, белсенділік танытыпты.

— Темір ауданы бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілгендердің саны — 22094. Солардың 16094-і сайлауға қатысып, өз дауысын берді. Бұл аудандағы барлық сайлаушылардың 72,8 пайызын құрайды.

Сайлау процесі кезінде ешқандай арыз-шағымдар тіркелген жоқ. Азаматтар учаскеге кешке дейін келіп, бір-бірімен емен-жарқын сөйлесіп, жақсы көңіл күйде болды, — дейді Темір аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әділет Қалмағанбетов.

Ал сайлау комиссияларында барлығы 160 мүше қызмет атқарған. Сондай-ақ бұл күні 225 жас сайлауға алғаш рет қатысса, 39 қарт пен мүмкіндігі шектеулі азаматтың үйінен дауыс бергенін айта кету керек.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.