Басты бет » Жаңалықтар » Отбасымен дауыс бергендер де бар

Отбасымен дауыс бергендер де бар

 Мәртөк ауданы бойынша 35 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлаушылар тізімінде барлығы 19769 адам тіркелген.

№276 сайлау учаскесі бойынша бірінші болып Қуаныш Иманғали өз таңдауын жасаса, ең жас қатысушы Диана Сигбатова есімді азаматша болды.

Аталмыш сайлау учаскесінде 1776 дауыс беруші тіркелген. Ал, үйден сайлауға қатысуға өтініш білдірген 11 адамға арнайы жәшік апарылды.

Сайлауға жолдасымен барып, өз таңдауын жасаған зейнеткер Зейнулла Кужиров: «Сайлауға қатысу әр тұрғынның елі үшін жауапкершілікті сезінуін көрсетеді. Елімнің әр шаңырағына береке мен бірлік тілеймін. Бірлігі жарасқан ел әрқашан мықты, болашағы жарқын болады. Ауылымыз көркейіп келеді. Жолдасым екеуміз емін-еркін келіп дауысымызды бердік», — дейді.

Аудан орталығында 4 сайлау учаскесі болса, соның бірі №2 Мәртөк мектеп-гимназиясында орналасқан №268 сайлау учаскесінде дауыс беру жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Алғаш болып Степан Сохарев, ал ең жас сайлаушы Антон Косолап өз дауыстарын беріп, арнайы дайындалған сыйлыққа ие болды.

Анатолий Марченко сайлауға дәстүрлі түрде отбасымен келіп жүргенін айтады. «Бүгін немереммен келіп өз таңдауымды жасадым. Қай партия жеңіске жетсе де, елімізді дамытуға үлесін қосқанын тілеймін», — деді ол.

Сондай-ақ жолдасын, қызын, немересін ерте келген  Геннадий Бондаренко да сайлауға арнайы отбасымен келетінін атап өтті.

Еліміз үшін маңызды шараға келгендердің бірі — Талшын Қозыбағарова. Елдегі саяси ақпаратқа қанық жан «таңдауымды жасау — азаматтық парызым» —деді. Бұл сайлау учаскесінде 1923 дауыс беруші тіркелсе, денсаулығына байланысты, белгілі бір себептермен сайлау учаскесіне келе алмаған 10 адамның үйіне арнайы жәшік апарылды.

№1 Мәртөк орта мектебінде орналасқан №266 сайлау учаскесіне де сайлаушылар таңмен таласа келді.

— Сайлау учаскесі бойынша 2012 сайлаушы болса, оның 26-сы — алғаш рет дауыс беруші жастар. Сол алғаш рет дауыс берушілер арасынан Талғат Нартаев есімді азамат ең бірінші болып дауыс берді. Денсаулығына байланысты, белгілі бір себептермен 14 сайлаушының үйіне арнайы жәшіктер апарылды, — дейді сайлау учаскесінің төрағасы М.Жамаладинов.

 Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.