Денсаулық

Екпе ерікті түрде жүргізіледі

Брифинг

10 қаңтар күні облыста коронавирус жұқтырған 10 адам тіркелді. Оның бесеуі Ақтөбе қаласынан болса, қалғандары Темір, Мұғалжар, Қобда аудандарынан тіркеліп отыр. Науқастардың төртеуінде ауру белгісі байқалмаған. Соңғы бес күнде вирустың репродуктивті көрсеткіші — 0,92, ал аурушаңдықтың тәуліктік өсу деңгейі – 0,3%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады. Мұхтар Сербаевтың айтуынша, соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны көбейген. Қазір эпидемиологиялық ахуал күрделі болмағанымен алаңдауға негіз бар.

Былтыр вирус жұқтырғандар cаны маусым, шілде айында көбейсе, биыл індет қаңтар, ақпан айларында өршуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан тұрғындар барынша қауіпсіздікке мән бергені жөн, — деді Мұхтар Сербаев.

Соңғы тәулікте пневмониямен төрт науқас тіркелген. Жалпы барлығы 942 адам вирусты пневмонияға шалдыққан. Мұхар Сербаев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Көпшілігі балалардың жаңа тоқсанда сабаққа қалай баратынын сұрады. Департамент өкілі бұл мәселе комиссия арқылы шешілетінін айтты.  Сондай-ақ сайлау кезінде бірқатар білім ордаларында учаскелер жұмыс жасады. Олардың барлығына дезинфекция жасалады, яғни ата-аналардың алаңдауына негіз жоқ.

Ал Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыстың стационарларында коронавирусқа шалдыққан тоқсан алты адам ем қабылдауда. Екі науқас жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.

Коронавирустан сақтану үшін тұрғындарды вакцинациялау мәселесі қаралып жатыр. Бірақ әлі облыс екпені алған жоқ. Егер екпе жасалатын болса, бірінші кезекте медицина мамандары, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері егіледі. Алайда барлығы адамның өз еркіне байланысты, яғни екпе ерікті түрде жүргізіледі, — деді Бекболат Ізбасаров.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3763 адам  тіркелді, оның 49,9%-ы ауру белгілерімен  және  50%-ы симптомсыз  жағдай. 3726 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2678 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 101,  Байғанин — 58, Ырғыз — 54,  Қобда — 15, Қарғалы — 59, Мәртөк — 138, Мұғалжар — 181, Темір — 194, Ойыл — 21, Хромтау — 130, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3763  науқастың 3,5%-ы сырттан келген. 560 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1035.  Қазіргі таңда үй карантиніне 245 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button