Білім

Жаңа тоқсан: 9 және 11 сынып оқушылары аралас оқу форматына көшті

Кешеден бастап ІІІ оқу тоқсаны басталды. Мектеп бітіруші сыныптар аралас оқу форматына көшті. Облыстағы барлық мектептердегі екі сыныптың, яғни 9 және 11-сынып оқушылары мектепте оқып жатыр.

11 қаңтардан бері 9-сыныптарда 12 437 бала, 11-сыныптарда 7390 оқушы аралас форматта білім алуда. Мектеп бітіруші сыныптардың  оқушылары биылғы оқу жылында қорытынды аттестацияны мектепте тапсыратын болады. Өткен оқу жылында індет күшеюіне байланысты балалардың мектепке барып білім алуына мүмкіндік болмағандықтан қорытынды аттестацияның бағасы 4 оқу тоқсаны мен жылдық бағаға қарап шығарылған болатын. Бұл оқу жылында оқушылар дәстүрге сай емтихандар тапсырады, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Қазір бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия, тарих және т.б. пәндер мектепте оқытылуда.

Яғни, барлық пәннің 70 пайызы штаттық форматта өтеді. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әртүрлі сыныптар үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылып жатыр. Сондайақ арақашықтықты сақтау үшін ауысымдар саны көбейтілді. Пәндердің 30 пайызы қашықтан оқытылуда. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №68 қаулысына сәйкес оқу кабинетінде оқушылар  саны 15 баладан аспауы тиіс. Сондай-ақ оқушыларды пәндік кабинеттерге көшірмей, оқу процесі бір кабинетте өтуі керек. Облыстағы барлық мектептерде бұл талаптар қатаң сақталуда, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, аралас оқу форматына көшу туралы шешім ата-аналар мен көпшіліктің пікірін ескере отырып қабылданған.

Қазір өңірде  413 (10-ы жекеменшік) мектеп бар. Білім шаңырақтарындағы оқушылардың үлесі — 159 654.

Жаңа оқу тоқсанынан  бастап контингенті 300 оқушыға дейінгі 233 мектеп (56,4 пайыз) штаттық режимде білім беріп жатыр. Бұл мектептерде 20 801 бала (13 пайыз) оқуда. 180 мектеп (43,6 пайыз) қашықтан білім беруде, ондағы оқушылар саны — 138 853 (87 пайыз).

Қашықтан білім беріп жатқан мектептердегі 1-4 сыныптарда ата-аналардың өтініштері бойынша кезекші сыныптар ашылды. Қазір 3 678 кезекші сынып бар. Онда  48 020  оқушы (67,0 пайыз) білім алып жатыр. Ал 5-сыныптарда 575 кезекші сынып жұмыс жасауда. Оқушылардың үлесі — 7735 бала (48,2 пайыз).

P.S. Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, бір сыныптың оқушылары топ-топқа бөлініп оқитынына байланысты пән мұғалімдеріне тиісінше жалақыларына қосымша ақы төленетін болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button