Жаңалықтар

Браконьер ұсталды

Облыстық полиция департаментінің қызметіндегі басым бағыттардың бірі —браконьерліктің барлық нысандары мен түрлеріне, соның ішінде киіктерді заңсыз аулауға және олардың дериваттарын пайдалануға қарсы іс-қимыл.

Полиция қызметкерлері мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторлары жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жылыой ауданының тұрғынының көлігінен аталық киік еті табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған дерекке қатысты 339-баптың 1-1-бөлігі «Киікті заңсыз аулау, жою, сол сияқты заңсыз олжаланған киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін сатып алу, сақтау, өткізу, әкелу, жөнелту, тасымалдау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.

Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің жаңа бабы қолданылады. Оған үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

— Киік — қорғалатын жануарлар, оның жойылып бара жатқан түрлері «Қызыл кітапқа» енгізілген. Киіктерді заңсыз аулау фактілері соңғы уақытта облыс аудандарында жиі тіркеліп жатыр.  Қазіргі уақытта киік мүйізін көтерме сатып алумен және оларды алыс- жақын шетелдерге өткізумен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — деді департамент бастығы Атығай Арыстанов.

Жедел алдын алу іс-шараларын өткізу кезеңінде мобильді топтар 150-ден астам рейдтік іс-шаралар өткізіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 88 фактісі анықталды. Оның 79-ы бойынша жалпы сомасы 187 515 теңгеге әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылып, 118 065 теңге өндірілді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button