Пікір

Көңілдегіні дөп басқан құжат

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы

облыстық ұйымы төрағасының орынбасары.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы отандастарымызды өткен жолдарымызға нақты талдау жасауға, келешек бағыт-бағдарымызды айқындауға шақырған аса маңызды құжат болды. Төрт тараудан тұратын мақаланы мұқият оқып шығып, Мемлекет басшысының кемел ойларына тағы да көз жеткіздік. Шынында, есігін айқара ашқан биылғы жыл тарихи даталарға толы болғалы тұр. Оның ең бастысы — еліміздің Тәуелсіздігі жарияланғанына 30 жыл толады. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы кезеңді үш онжылдық белеске бөліп, жүзеге асырылған орасан зор шаруаларды атап көрсеткен және алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеттеріне тоқталған.

«Таным мен тағылым» тарауында барша жұрттың, әсіресе жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуына назар аударады. Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажеттігін шегелейді. Құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырғаны дұрыс шешім болды.

Президент мемлекеттік тілдің әлі күнге төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын айрықша атап көрсетті және қазақ тілін жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. Шынында, біз осы мәселе турасында немқұрайдылықтан арыла алмай келеміз. Таяуда облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясының жиналысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы этномәдени бірлестіктерге грант тапсырды. Салтанатты басқосуда ұлты әзірбайжан Шахбаз Джамалов, татар қызы Эльвира Хабибуллина, ұлты украин Роза Долженко және басқалары оралымды ойларын қазақша жеткізді, қазақша әндер шырқалды. Ал біздің көптеген қаракөз бауырларымыздың ана тілімізге ынтасы кемшін. Ата-аналардың өз балаларын орыс мектебіне беруі азаймай отыр. Президенттің Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу идеясы бізді қуантты.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button