Жаңалықтар

Жастар да белсенді

Ақтөбе қаласындағы №51 гимназия ғимаратында орналасқан №112 және №40 сайлау учаскелері таңғы сағат жетіде өз жұмыстарын бастады. Алыстан көңілді әндер естіліп тұрған учаскелердің кіреберісінен бастап барлық санитарлық талаптар сақталған.

№112 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Гүлдәурен Нығыметтің айтуынша, учаскеге бекітілген сайлаушылар саны — 2564 адам.

— Біздің учаскеде бес бақылаушы сайлаудың қалай өтіп жатқанын бақылап отыр.  Осы жолы да ертеңгі уақытта ата-әжелер келді. Ерте келген бес адамға сыйлық берілді. Денсаулығына, жасына байланысты жүріп-тұруы қиын 24 азамат үйден дауыс береді, — дейді Г.Аманқызы.

Сайлау учаскесіне келушілердің дені бұрын қарттар болатын. Қазір жастардың да белсенді екенін көрдік. Дауыс берушілердің бірі — Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің филология факультеті аударма ісі мамандығының ІІІ курс студенті Данияр Қалиев.

— Сайлауға екінші рет қатысып тұрмын. Бұған дейін Президент сайлауында дауыс бердім. Болашақ — біздікі. Сайлаудан қалмауға тырысамын, қай сайлауға да ата-анаммен бірге барып, дауыс беремін, — дейді Д.Қалиев.

Осы ғимараттың екінші қабатында орналасқан №40 учаскеге де соқтық.

— Учаскеде негізі 2699 адам тіркеулі. Алғашқы келген екі жүз сайлаушының үшеуі бірінші рет дауыс берді. 16 азамат үйден дауыс береді, олар — мүгедектігі бар азаматтар мен егде тартқан қарттар. Айтпақшы, сондай үйден дауыс береді деп отырған 1935 жылғы қария учаскеге  өзі келіп, дауыс беріп кетті. Ерте келген бес адамға өзіміз сыйлық жасадық, — дейді №40 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Райхан Қарасаева.

Санитарлық ережелерге сай, №40 учаскедегі сайлау барысын 11 бақылаушы кезектесіп бақылауда.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button