Жаңалықтар

34 сайлаушы арнайы қызметке жүгінді

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан №13 сайлау учаскесінде 2581 тұрғын тіркелген. Олардың тең жартысы түске дейін азаматтық парызын орындапты.
№22 орта мектептің ғимаратында сайлаушыларды қабылдаған аталған учаскеде таңғы сағат 7-ден бастап келушілер қатары көп болған. Бұл туралы №13 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Сәлима Айтжанова айтып берді.
— Сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Ешқандай оқыс оқиға болған жоқ. Бірқалыпты, тәртіпке сәйкес ұйымдастырылып жатыр. Пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптарды да сақтадық.
Біздің шағын ауданда қарттар көп. Соған қарамастан, саяси науқаннан тыс қалмай, өз үнін білдіріп жатқандар көп. Мысалы, 91 жастағы әжей дауыс беру үшін таңертең бізге арнайы келді. Дей тұрғанмен, жүріп-тұруы қиын қарияларға, мүгедек жандарға, жалпы түрлі себеппен сыртқа шыға алмайтын барлығы 34 адамның үйіне комиссия мүшелері мен бақылаушы арнайы барды. Олардың арасында осыдан 4 күн бұрын аяғын сындырып алған 1946 жылғы зейнеткер де бар, — деді ол.
Сайлаушылардың ең үлкені – 95 жастағы кейуана, ал кәмелет жасына енді толған 20 жігіт пен қыз бар. Алғаш рет сайлауға қатысқандарға естелік-сыйлықтар беріліпті.

Мұнда әр партияның өкілі де табылды. Олар таңнан кешке дейін саяси іс-шараның талапқа сәйкес өтіп, ешқандай тәртіп бұзушылықтың болмауын қадағалады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button