Жаңалықтар

«Батыстықтар» дауыс берді

Қаланың Батыс-2 ауданында сайлау күні 4 учаске жұмыс істеді. №64, №63 орта мектептерде, №52 «Құлагер» балабақшасы мен  «Достық» су спорты кешенінде орналасқан сайлау учаскелеріне барған «батыстықтар» өз таңдауын жасады. 

«Мен ел болашағы үшін таңдауымды жасадым»

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова өз дауысын №64 мектептегі 556-шы сайлау учаскесінде берді.

— Елімнің ертеңі үшін  таңдау жасауым —  менің азаматтық парызым, конституциялық құқым. 18 жасымнан бастап ешқандай сайлаудан қалған емеспін. Бұл жолы да қазақстандықтар үшін, болашақ үшін таңдауымды жасадым. Барлық партияның бағдарламасын қолдаймын, себебі олардың барлығы бір-біріне ұқсас. Барлық партияның мүшелері — өз еліміздің азаматтары. Сондықтан, қай партияның болмасын жеңісі — біздің азаматтарымыздың жеңісі. Мен Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім, — деді ол.

556-сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Әліби Латыптың айтуынша, аталған учаскеде 1348 сайлаушы тіркелген.

— Батыс-2 ауданында адам санының көбеюіне байланысты бірнеше жаңа учаске ашылған. Соның бірі №64 мектептегі осы учаске. Біздің есебімізше бірінші рет сайлауға қатысатын 31 адам бар. Таңғы 7-ден бастап жұмыс істеп жатырмыз. Тұрғындардың белсенділігі орташа, — деді ол.

Егіздер алғаш рет сайлауға қатысты

№52 «Құлагер» балабақшасында орналасқан №554 сайлау учаскесінде 18 жастағы егіз жігіттер дауыс берді.  Мадияр мен Данияр Әміржановтар жақында ғана 18 жасын атап өткен. Екеуі де Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте білім алып жатыр. Қазіргі уақытта қашықтан оқып жатқан жігіттер сайлауға ата-анасымен бірге барып, дауыс беруге мүмкіндігі болды. Мадияр мен Данияр елдегі маңызды саяси оқиғаға бірінші рет қатысып, таңдау жасады.

№554 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы  Гүлмира Біртаеваның айтуынша, бұл учаске де бірінші рет жұмыс жасап жатыр.  Бұл учаскеде 2 373 сайлаушы тіркелген.

— 18-ге толған, бірінші рет дауыс беру құқығына ие болған 4 сайлаушымыз бар. Оның екеуі — егіздер, олар таңғы сағат 7-де келіп, дауыс беріп кетті. Алғаш рет дауыс берушілерге сыйлығымыз дайын, — дейді Гүлмира Біртаева.

Ал «Достық» су спорты кешенінде орналасқан 527-ші сайлау учаскесінде 1899 адам тіркелген. Сайлау комисиясының төрағасы Серікбол Нұралиннің айтуынша, таңғы 7-8 аралығында 90-ға жуық адам дауыс беріп   үлгерген.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button