Басты жаңалықтар

Облыс әкімі алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Сайлау күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы №67 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Қаладағы №4 орта мектепте орналасқан №67 сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де Мемлекеттік Гимнмен бастады. Мұнда ең бірінші дауыс берген сайлаушыға, жасы үлкен қарияларға, туған күн иелеріне арнайы сыйлықтар әзірленіпті.

Тұрғындарға қуаныш сыйлау  үшін сайлау учаскесінде көңілді әуен шырқалып, барлық санитарлық талап сақталған. Кіреберістегі арнайы тақтайшаға Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысы да ілінген.

— Сайлаушыларымыздың жалпы саны — 2536 адам. Қазіргі уақытта 10 адамнан үйден дауыс беруге өтініш қабылданды. Сонымен қатар, бұл учаскеде бірінші рет дауыс беретіндердің саны — 21 адам. Солардың бірі — мектебіміздің түлегі Азила Кематиева. Ол сайлау учаскесіне ерте келіп, өз таңдауын жасады, — деді №67 сайлау учаскесінің төрағасы Алмагүл Ұзақбаева.

Сайлау учаскесіне таң алакеуімнен дауыс беруге келген сайлаушылардың қатары көп болды. Солардың бірі — облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Ол таңғы сағат 8.00-де сайлау учаскесінде болып, дауыс берді. Содан соң облыс әкімі сайлау учаскесінің төрағасынан жұмыстың жүру барысын, сайлаушылардың белсенділігі туралы сұрады.

Сайлау күні №67 сайлау учаскесінде саяси партиялардың өкілдері байқаушы ретінде қатысты.

Бұл күні мектеп ауласында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен «HALYQ SAÝDA» сауда желісінің жермеңкесі де ұйымдастырылды. Сайлауға келген тұрғындар дауыс бергеннен соң, нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағадағы тауарларды сатып алып жатты. Себебі «төмен баға марафоны» акциясы аясында өткен дәстүрлі көшпелі жәрмеңке бұл күні қаланың үш жерінде ұйымдастырылды. Жәрмеңке өткен аумақта да санитарлық талаптар қатаң сақталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button